АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ҰЛТТЫҚ МҰРАСЫ

953

Мемлекет белгілеген атаулы күндердің, мерейтойлық мерекелердің қоғамға тигізер оң әсері, игі ықпалы біз ойлағаннан да тереңде деп айтуға болады. Биылғы жылы Алаш ардақтысы, бала жасымыздан «Бес арыс» аталып кеткен арыстарымыздың бірегейі Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтуде.

Одан бөлек жыл сайын дәстүрге айналған «Бір ел кітап» акциясы бойынша да Байтұрсынов мұралары ел болып оқуға міндетті кітаптардың бірі болып белгіленді. Осындай маңызды, жоспарлы жұмыстардың талабымен мектеп оқушылары да, жоғары оқу орны студенттері де, барлық-барлық сала мамандары Ахмет Байтұрсынов мұраларына терең бойлауға, қайта зерделеуге мол мүмкіндік алды.
Бүгінгі көптің көңілінде күдік-күмән ұялатып жүрген күрделі мәселенің бірі – балаларға, жас жеткіншектерге кітап оқыту, жалпы білім алуға баулу болып отыр. Алыс-жақын шетелдерге барып, түрлі деңгейдегі білім жүлделеріне қатысып жүрген балаларымыз жоқ емес, алайда оқуға құштар жастардың көп еместігін де жасыра алмаймыз. Ахмет шығармаларының өн бойында, қай жанрдағы еңбегі болмасын басты тақырып – оқуға шақыру, білім алуға бағыттау болып табылады.
Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап,
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ,
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.

Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да.
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.
Біздің бүгінгі «Оқитын ұлт», «Оқуға құштар қала» деп жүрген жобаларымыздың түп-төркіні тереңде жатқанын байқаймыз. Осы екі шумақ, екі ауыз өлеңнің өзінде бүкіл ұлтымыздың болмыс-бітіміне кіріп кеткен, ата-бабаларымыздың өлмес өсиет етіп, айтып кеткен ерте тұру мәселесі де, таза жүріп, таза тұру жағы да, жұмыссыз, тек жүрмей еңбектеніп жүру қажеттігі де түгіл-түгел сыйып тұр. Халық ауыз әдебиеті жауһарларында «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», — деп те түсіндірілген. Алашқа ардақты Ахмет шығармаларының негізгі нәрі де, мәні де ұлттық болмыс-бітімімізбен астасып жатқандығында екендігін аңғарамыз.
Қазақ жазба поэзиясының негізін қалаған, әлемге аты мәшһүр Абай Құнанбайұлы мұраларының да қаншалықты құнды қазына екендігіне ең әуелі Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы дәлел. Абайдың шын мәнінде бағасы шексіз құбылыс екендігіне көз жеткіземіз. Қаншама зерттеушілердің ғылыми еңбектеріне өзек болған осы мақалада: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек… Абайды қолымыздан келген қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз», — дейді көреген ақын, көрнекті қайраткер Ахмет Байтұрсынұлы. Жоғарыда айтқанымыздай, Алаш қамын ойлаған ақынның барлық шығармаларында елдік мәселені елемей кеткен тұсы жоқ. Бұған дейін де зерттеушілер тарапынан талай рет айтылып жүргендей, Ахметтің «Жиған-терген» деген өлеңі сыртқы формасы жағынан да, ішкі мән мазмұны жағынан да Абай Құнанбайұлының «Сегіз аяқ» өлеңіне қатты ұқсайды. Сөзсіз Ахмет Байтұрсынов қазақтың бас ақынын өзіне өнеге тұтқан, үйренген.Ұлы Абайдың:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақтың болды ғой
деген өлең жолдары Байтұрсынов шығармаларында жалғасын тапқандай жаңғырып жатыр.
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып!
Қанған жоқ па әлі ұйқың?
Ұйықтайтын бар не сиқың?!
Ой жіберіп қараған жанға екі кезеңде өмір сүрген екі ойшыл ақындардың елдік мүддедегі мақсат-мүдделері де, арман-тілектері де бір-бірімен астасып, қабысып жтыр. Жоғарыдағы өлең жолдарынының сыртқы формасы, құрылысы ғана емес, ішкі мән-маңызы да бір-бірімен орайлас өрілген. Бұл жерде де ұлттың бойындағы, көптің басындағы көзге ұрынып көрінетін теріс қылықтарымызға ақын жүрегі сыздайды, сыздаған жүректен өлмес өлең туындайды. Ұлт ұстазының қалам тартпаған тақырыбы некен-саяқ, өмірде өзекті, қоғамға қажетті дүниені түгелге жуық қамтыған, тағдыр жолындағы тайғақты кезеңдерде де алған бетінен таймаған. ХХ ғасыр басындағы баспасөз ісінің дамуына қосқан үлес-салмағы өлшеусіз. «Қазақ» газетінде жарық көрген бата-тілегін бүгінгі ұрпақ оқып шықса кеше ғана жазылған дүние деп қабылдайтындай өзекті, дәл бүгінгі уақыт мінберінен айтылған сөз сынды. «Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар әлі бар… Түбі қандай болады деп қобалжымалық… Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын желік… Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр. Қамтылмағандар есікте қалып жатыр… Қалмайық десек, қарап жатпалық… Көп ісіне көп болып жабылайық… Қолымнан не келеді деп қорынбайық. Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды…Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет». Абыз ақынның үгіт-насихат өлеңдерінде де, аудармалары мен мысал өлеңдерінде, көсемсөздерінде де күн тәртібінен түспейтін, мәні жоғалып, мазмұны ескірмейтін құнды мәселелер көтерілген. Тіпті өлеңдерінің кейбір тармақтары, көсемсөздерінің біразы қанатты сөзге айналған. Осы күнге дейін Ахметтану ғылымы бойынша көптеген зерттеу еңбектер жарыққа шықты, Байтұрсынов мұрасын жеке тақырып етіп алған ғылыми диссертациялар жазылды. Бірақ бұл жұмыстың шет-шегі мұнымен тоқтап қалмайтындығын бүгінгі жүзеге асып жатқан жұмыстардан анық аңғарамыз. Басқа тұсты айтпағанның өзінде мегаполис қаламыз Шымкентте қаншама танымдық сағаттар, шығармашылық кештер, салтанатты жиындар өткізіліп жатыр. Мұның барлығы қайраткер мұрасының өміршеңдігінің айқын айғағы. «Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани көсемі», «Ұлт ұстазы», «Ұлттық рухаиятымыздың өзегі – тіл», «Қазақ әліпбиінің рефарматоры», «Ахмет Байтұрсынов – адамдық диқаншысы» деген тақырыптағы кітап көрмелерінен қалың көпшіліктің алары көп. Бүгінгідей ғылым мен техниканың көз ілеспес шапшаңдықпен қарыштап, жаһандану дәуірінің жаныштап бара жатқан сәтінде ұлттық мұрамызды бағдаршам етіп алғанда ғана адаспаймыз, алға қойған мақсатымызға тура жол тартамыз.
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Қоғам қайраткерінің өмірге келгендегі басты миссиясы осы бір шумақ өлеңнің ішіне сыйып кеткендей. Құнарлы топыраққа адамдық тұқымын шашқан ұлт ұстазы, қоғам қайраткерінің соңына қалдырған құнды қазынасы, ұлт мұрасының мөлдір бастауы, таза бұлағы. Ерінбей оқыған адам осы бастау бұлақтан қанып ішеді, шөл қандырып, бой түзейді. Академик тарихшы Манаш Қозыбаев: «Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасыр феномені. Оның есімі осы дүбірлі ғасырдың түбірлі, түбегейлі құбылыстарымен тағдырлас. Сондықтан Байтұрсынұлытану шын мәнінде ғасыр тану десе болады…. Ахметтануды дамыту барлық гуманитарлық ғылымдардың ортақ парызы»,- деп терең ой түйген болатын. Тарихшы Манаш Қозыбаев топшылаған тірлікті ел болып жүзеге асыру баршамыздың азаматтық парызымыз деп қабылдауымыз қажет. Ол үшін тау қопарып, тас жарудың қажеті жоқ. Ұлт мұрасын ұлықтаған ұлт ұстазының телегей-теңіз дүниесімен тереңдей танысу, түсініп оқып, күнделікті өмірімізде жүзеге асыру ғана.

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана
басшысы, филология ғылымдарының кандиаты