ТҰМАУ – ҚАУІПТІ ДЕРТ

241

Жаз, күз өтіп, қыс лебі сезіле бастаған кезде тұмауратушылардың көбейіп кететіні белгілі. Сондықтан одан сақтана білген жөн. Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі – ЖРВИ) тобындағы тұмау вирусын тудыратын ауру.

Тұмаумен ауыратындардың саны артқан сайын, тұмаудың асқынуы да өршиді, бұл – заңдылық. Бұдан кейін вирус ешқайда кетпейді. Аурушаңдықтың маусымдық артуының себебі бола отырып, адамдар арасындағы циркуляциясы жалғаса береді.
Тұмау жұмыс орындары, мектептер, балабақшалар мен қоғамдық көліктер сынды адамдар жиі шоғырланатын қоғамдық орындарда қатты өршиді. Тұмау вирусы ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды. Вирустар төмен температураны «жақсы көреді» – плюс 4°С-ге жуық температура (тұрмыстық тоңазытқыштағы жағдай) оңтайлы болып табылады. «Жақсы көреді» деп айту себебім, тек осы температура кезінде вирус ұзақ сақталады. Сондай-ақ, олардың көбюіне ыңғайлы температура – бұл адам денесінің температурасы.
Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы, осы тамшылар төсек-орында, жұмыс үстелінде, т.б. кепкен соң және оларға сіңгеннен кейін белсенділігін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін сақтайды. Барлық дезинфекциялаушы құралдар тұмау вирусын тез жояды және осы құралдарды қолданып, стандартты ылғалды тазалау – үй-жайларды зарарсыздандырудың тиімді тәсілі. Бөлмелерді жиі желдетіп тұруды да ұмытпаған жөн.
Жоғарғы тыныс жолдарына түскен кезде вирус жасушалардың қабықшаларын зақымдап, оның ішіне кіреді. Жасушалардың ішінде вирус тез көбейеді. Жұқтырылғаннан кейін алғашқы тәуліктердің аяғына қарай бір вирус ондаған триллионнан аса вирустық бөлшекті түзеді. Көбейген вирустар жоғарғы тыныс алу жолдарынан шыққаннан кейін жасушалар бұзылады. Тұмаудың алғашқы симптомдары – мұрынның бітелуі және тамақтың жыбырлауы осыған байланысты.
Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады. Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауыруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ созылмалы аурулардың: жүрек-қантамырлық, өкпе, бронх тарапынан, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады.
2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Өкінішке қарай, жағдайы нашарлаған дер кезінде емдеу мекемесіне келмеген науқастарға қалыпты жағдайда жиі қолданылатын жекелеген препараттар көмектеспеуі де мүмкін. Сондықтан өз бетінше емделуге болмайды. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалысымен дәрігерді үйге шақыру жөн.
Тұмаудан сақтану үшін ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек. Сол сияқты, таза ауада серуендер алдында немесе көшеге шығар кезде мұрныңызға оксалин майын жағып алсаңыз тұмау немесе басқа ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді.

Е.ЖӘНІБЕКОВ,
«Дария-Медикус»
медицина орталығы бас дәрігерінің орынбасары