ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМ: АРДАГЕР ҰСТАЗ

345

Бүгінгі мақаланың кейіпкері саналы өмірінің 40 жылын ұстаздық жолға арнап, білім саласында елеулі қызмет еткен ұстаздардың бірі – Мавлюда Абуталипқызы туралы болмақ.

Мавлюда Абуталипқызы Исмаилова 1950 жылы 7 қарашада Шорнақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Абуталип Исмаилов 50 жыл білім саласының дамуы жолында еңбек етіп, Т.Айтжанов атындағы (бұрынғы Фрунзе) мектебінің директоры, директордың оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Мавлюда Абуталипқызы әкесінің ұстаздық жолын таңдап, әкесі еңбек еткен Тұрсынхан Айтжанов атындағы мектепте 1967 жылдан бастап биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарыпты. Иә, «Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, өзі он жыл білім алған білім ошағында 40 жыл ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан. Алғашқы жылдары бастауыш сыныптар бойынша мектеп директорының оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарса, кейіннен өзінің мамандығы биология пәнінен сабақ берген. Өмірлік жолдасы Батыр Ғұламов 1944 жылдың тумасы, колхозда вет,врач кейін мақта бригадирі қызметін атқарған.

Мавлюда Абуталипқызы Құдай қосқан қосағы Батыр Ғұламов екеуі 4 ұл мен 2 қызды дүниеге әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берген мерейлі отбасы иелері. Тұла бойы тұңғыштары Шәукат (1970 ж.) 45 жасында өмірден озыпты. «Орнында бар оңалар» дегендей, бүгінде артында қалған 2 ұлы мен бір қызы жетіліп, өсіп-өніп отыр. Одан кейін қыздан үлкені Сайра (1972 ж.) Ташкентте шет тілдері университетін бітіріп, қазіргі таңда Америкада өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Екінші қызы Рысжан (1973ж) Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық университетті бітіріп, бүгінде Ташкент қаласында білім саласында еңбек етеді. Көп балалы ана.

Одан кейінгі ұлы Фархад (1976ж.) жекекәсіпкер, жеке шаруа қожалығы бар. Егін шаруашылығымен, диқаншылықпен айналысады. Кенжелері егіз ұлдары Тайыржан мен Зайыржан (1981 ж.) екеуі де жекекәсіпкерлер. Тайыржан отбасымен Алматы қаласында, ал, Зайыржан Ташкентте тұрады. Екеуінің де мебельный цехтары бар.

Жақсы жолға түскен арбаның алдыңғы дөңгелегінің кейінгіге әсеріндей, үйелмелі-сүйелмелі бір үйдің балаларының бірінің артынан бірі білім қуып, талаптанып, ізденіп, әділдік пен адалдықтың қазығына байланып, үлкен арман жолымен жүріп келе жатқандығы мерейді тасытады. Мавлюда апаның ұл-қыздары білім саласында, жеке кәсіпкерлікте ел игілігі жолында үлкен абыроймен еңбек етуде.

Бүгінде осынау ұл-қыздарынан 21 немере, 7 шөбере сүйіп отырған Мавлюда Абуталипқызы мен Батыр Ғұламов бақытты қариялардың бірі әрі бірегейі болып отырған жайлары бар.

Осы орайда егіз ұлдарының бір жерде жүрмей, екі елде еңбек етіп жатқандары туралы қойған сауалымызға Мавлюда апа:

Мен уәде беріп, сол уәдемді орындаған жанмын. Зайыржанға келінді Ташкенттен алдым. Құда-құдағиымның жалғыз қызы. Егіз ұлдарымның тойын бірге өткіздім. Сонда жалғыз қыздарын қимай тұрған құдаларыма қарап мен: «Бір үйім Ташкентте болады.Құдайқаласа балам осы жерде еңбек ететін болады» деп айтқан едім. Сол сөзімді періштелер әумин деген екен. Сол жақтан жұмыс шығып, бүгінде жекекәсіпкер болып еңбек етуде. Сауданың арқасында егіз ұлдарым екі жаққа барып жайғасты. Екеуі де үйлі-жайлы. Өз қатарларының алды деп ойлаймын. Еліміз аман, заман тыныш болсын. Артымда қалсын бәрі,-деп жауап берген апаға ене мен келін қарым-қатынасы жайлы сауалымызды қоя отырдық.

-Мавлюда апа, енеңіз жайлы айта отырсаңыз?

-Алғаш келін болып түскенімде үйде екі енем бар еді. Енемнің туған абысыны да біздің үйде тұратын. Екі ене, қайынатам, бір қайынағам, бір қайным, екі қайынсіңліммен бірге 12 жыл бірге тұрдық. Қайынатам да, өзімнің туған әкемде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, екеуінің де орден, медальдары көп болатын.

Жастай келін болдым. Мен үйде сиыр саумағанмын. Мұнда келін болып түскенімде үйде 2-3 сиыр болды. Сол сиырларды сауып үйрендім. Екі енемнен үйренгендерім көп болды. Білмегенімді екі енем үйретті.Адамның жүрген ортасы да тәрбиелейді екен. Мектеп ұжымы да мені тәрбиеледі деп айтсам болады. Пендеміз ғой. Кейде келіндер қайынжұртын жамандайды. Сонда біздің ұжымдағы кейбір апайлар: «Неге сіз атаңыз бен енеңізді жамандамайсыз?,-дейтін еді. Мен оларға: «Менің қайынатам мен енем жаман емес, жақсы жандар. Өзіме жақсы» ,-деп ешқашан жамандаған емеспін. Өйткені, үй болатын адам жамандамайды. Мен ата-енелерімнің ақ батасын алған адаммын. Құдайқаласа біреуден алды, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Аллақаласа ұл-қыздарымның рахатын көріп жатырмын. Өйткені, ата-ананың көрер рахаты – ұлдары мен қыздары өзімен өзі тыныш өмір сүрсе, өз күндерін өздері көріп отырса сол екен рахаты дегеніміз. Мен өзім осылай ойлаймын. Тілегіміз оң болсын.

Т.Айтжанов атындағы мектеп қазақ-өзбек аралас мектеп. Менің қазақ сыныбында еңбек ететін достарым өте көп. Былтырғы жылы 70 жылдық мерейтойымды үйде өткіздім. Сонда достарым әрі әріптестерім — қазақ сыныбының мұғалімдері көп келді. Сонда соны көрген құда-құдағиларым: «Барлық қазақ сені жақсы көреді екен. Достарың қазақ екен»,-деп қайран қалғаны бар. Барлығы: «Сені қатты сыйлайды, құрметтейді»,- екен деді. «Мен оларды қатты сыйлаймын, құрметтеймін» деп жауап бердім оларға. Осы ынтымақ-бірлігіміз нығайып, арта берсін. Қазақ мектебінде жұмыс істегендіктен қазақ тілінде сауатты жазамын. Сонымен қатар, қазақ тілінде таза акцентсіз сөйлейтінмін. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, тілім өзбекшеге кетіп қалып жатыр. Әйтпесе, мектепте жүргенімде қазақ тілінде таза сөйлейтінмін. Маған ешкім қазақша үйреткен емес. Бірақ, қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді жастығымның астына қойып,көп оқитынмын. Білмеймін, жаныма жақын болды. Бір күні қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қазақ тілінде жазылған кітабын оқып отырып, әкемнен: «қаралы сұлу» сөзінің мағынасын сұрағанмын. Жетінші сыныпта оқитын кезім. Сонда әкем: «Әй қарағым-ай сен де қайдағыны тауып аласың. Қаралы сұлу деп өмірде жесір қалған әйелді айтады,-деп түсіндірген болатын. Сол әдеби кітаптарды көп оқығандықтан ба әйтеуір, қазақ тілінде сауатты жазып, оқитын болдым.

Қазіргі жастардың көпшілігі кітап оқымайды. Үйдегі немерелеріме: «кітап оқыңдар» деп айтып отырамын. Өйткені, кітап – тіл байлығы. Кругозоры артады, кеңейеді. Дүние танымын күшейтеді. Сонымен қатар, қазақ тілінде ән айтқанды да жақсы көремін. Әсіресе, ұлы ақын Абайдың әндерін жақсы айтамын. Шәмші Қалдаяқовтың әндері адамды өзіне тартып тұрады. Тыңдай бергің келеді. Әсіресе, «Цыган серенадасы» әнін қосылып айтып отырамын.Сондай-ақ, Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» әнін де сүйіп тыңдаймын. Қарашаңырақтағы Фархад ұлымның келіншегі Гүлнар келінім қазақтың қызы. Біз Гүли деп атаймыз. Келінім екеуміздің қазақша сөйлесіп, пікірлесіп отыратын кездеріміз жиі болады,-дейді Мавлюда апа.

-Мавлюда апа үйлеріңіздің ауласына кіргеннен жайнап тұрған гүлдерді көрдік. Оларды кім өсіреді? Өзіңіз ба, әлде келініңіз бе?

— Бұрын гүлдерді үйде өсіретінбіз. Үйдің іші жағалай гүлдер толы болатын. Қазір енді далада парникте өсіріп жатырмыз. Мен биолог маманы болғандықтан гүлдердің қыр-сырына үңіліп, көп жылдан бері гүлдің қаншама түрін өсіріп келемін. Былтыр пандемия кезінде қатты ауырдым. Сонда дәрігерлер: «кислород алыңыз» деді. «Кислород менің ауылымда, үйімде көп» деп айттым. Үйге келгеннен соң бақшаның ішінде таза ауада көп жүріп, тез сауығып кеттім.

-Биологиядан сабақ берген кезіңізде осы өсірген гүлдеріңізден теориялық тәжірибе көрсетіп, оқушылардың осы пәнге деген қызығушылықтарын аша алдыңыз ба?

-Биологиядан сабақ өткен кезде ботаникадан, зоологиядан,анатомиядан, жалпы биологиядан қамтып, залда ашық сабақтар өткізгенмін. Ата-аналар қатысып отыратын. Сонда ата-аналар: «биология деген пән ашылыпты» деп айтыпты. Бұл, сірә, бұрын биология пәнінің ашық сабағына қатыспағандықтан болған пікір деп ойлаймын. Сонда «Балықтар әлеміне жұмбақ саяхат» атты ашық сабақ өткіздім. Ашық сабаққа қатысқан ата-аналар мен ұстаздарды,оқушыларды түрлі сахналық көріністермен, көрнекі құралдармен балық әлеміне саяхат жасатқанмын. Сонда бір сағат емес, 2-3 сағатқа ұласқан ашық сабақты барлығы ұйып, аяғына дейін көрген болатын.

Анатомиядан сабағыма кірген мұғалімдер: Мавлюдадан үйренеріміз көп екен» деп айтып отыратын. Сонда өзбек тілі, қазақ тілі, орыс тілі үшеуіне анаграммалар түзіп, кроссвордтар құрып, «Ас қорыту жүйесі» тақырыбында сабақ өткенмін. Осындай бағыттағы ашық сабақтарды көп өткізетінмін. Оқушылардың оқуға, әсіресе биология пәніне деген құштарлықтарын аша алдым деп айта аламын. Қазіргі таңда мұндай ашық сабақтарды өткізіп жатқан мұғалімдерді көрмедім. Осыған қарным ашады.

-Мавлюда апа мектеп өмірінен есіңізде қалған оқиғаны айтып берсеңіз? Жаныңызға батқан оқиға болды ма?

-Бастауышта оқу ісінің меңгерушісі болып істедім деп айтып өттім әлгінде. Сол уақытта киім киісі, жүріс-тұрысы нағыз педагогқа лайық мұғалім бар болатын. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Бірде маған мектеп директоры бастауыш сыныптардың соның ішінде 4-сыныптың мұғалімдері математикадан сабақты қалай өткізіп жатқанын тексеруді тапсырды. Төртінші сыныптардың сабақтарына бірінен кейін біріне кіріп жатырмын. Соның ішінде мен өзім киім киісіне, жүріс-тұрысына қызығып жүретін мұғалім сабақты мүлде өткізе алмады. Төртінші сыныпқа «Өлшем бірлігі» тақырыбындағы сабақты жоспарлаған екен. «Сіз артқы партаға барып отырыңыз, мен өтейін сабақты» деп,оқушыларға апайларының сәл мазасы болмай тұрғанын айттым. Не керек, сол күнгі сабақты мен өткіздім. Сабақ біткен соң ол мұғалімге: «Ертең әбден дайындалып келіңіз. Дайындалып келген сабағыңызға кірейін» дедім. Ертесіне келсем, дайындалған, көзінде жас толы… Бірақ сабақты қалай өткізуді білмейді. Бұл күні де сабақты мен өткіздім. Ол кезде мектеп директоры Алым ағай болатын. Амал жоқ, мектеп директорына айтуға тура келді. «Мына қыз сабақты мүлде өткізе алмайды. Басқа сабақты берсе берсін, математикадан сабақ беруге басқа мұғалімді қоюымыз керек. Балалардың барлығы сауатсыз» деп айттым.

Мектеп директоры: «Сабағына өзім кіріп, көрейін» деді. Содан мектеп директоры екеуміз тағы кірдік сабағына. Сабақты дұрыс түсіндірмейді. Айтқанының бәрі қате. Содан мектеп ұжымының талқысына салдық. Сонда: «Айналайын, мен саған қызығып қарап жүретінмін. Бірақ, соншама ата-ана саған балаларын сеніп тапсырып отырғанда оларға математика пәнінен үйретуің керек. Мен саған өкпелемеймін. Сенің ұстазыңа өкпелеймін. Өйткені, сенің фундаментің, қаланған кірпішің жоқ. Егер ренжімесең математика сабағын басқа мұғалімге беру керек»,-дедім. Еңіреп жылады. Сол кездері енесі де ауырып жүрген болатын. Кейін енесі көп ауыра бергеннен соң жұмыстан шығып кетті. Оның жұмыстан шығып кеткеніне мен қиналып жүрдім. Кесірім тиіп кетпеді ма? Сол мұғалімнің дұрыс сабақ бере алмағанын бекер айттым ба,-деп. Мектептен мен шығарып жібергендей күй кештім…

Арада көп жылдар өтіп, зейнеткерлікке шыққан кезім болатын. Бір күні кішкентай немеремді жетектеп көшеде жүргенмін. Жанымнан әуенін айқайлатып қойған, іші жастарға толы жеңіл автокөлік өтіп барып, кері қайтып келді. Ішінен бір топ жігіттер шығып, жылы амандасты. «Апай, кешіріңіз, біз сізді танымай қалыппыз. Жүріңіз қайда барасыз апарып тастаймыз» деді. Солар, сол мұғалімнің сыныбының балалары екен. «Апай сондағы өткен сабағыңыздың бәрі миымызда қалды. Сол 3-4 күн өткізген сабағыңыз, сіздің дауысыңыз миымызда жатталып қалып қойды» деп айтқанда, өзімнің дұрыс шешім жасағанымды түсіндім,-деген Мавлюда апа: «Шыдамды, сабырлы болсаңдар өмірдегі барлық қиындықты жеңуге болады. Мамандықты жүрек қалауымен таңдаңыздар.Сонда өздеріңіз сүйіп таңдаған мамандықтың майталманы атанасыздар,-деп өмір тәжрибесінен түйген ақыл-кеңесін жеткізді.

Өнегелі ғұмырында қаншама шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік дарыта білген Мавлюда Абуталипқызы – шәкірттерінің табиғат сұлулығына деген сүйіспеншіліктерін оята білген жан. Әсіресе, осы іспен айналысу мақсатында көп іс-шаралар тындырғанын әңгімелесу барысында көзіміз жетті. Табиғатқа енжар қарамаған жан тірі табиғатқа сүйіспеншілік танытып, гүл өсіру, тал егу, жерді көгалдандыру жұмыстарымен айналысуға жас жеткіншектерді тәрбиеледі. «Ұстазсыз шәкірт тұл» дегендей, Мавлюда апаның да шәкірттері бүгінгі күнде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгуде.

Бүгінгі күнге дейін бау-бақша егіп, ағаштар мен гүлдердің түрлерін өсіріп, немерелеріне білгенін үйретуде.

«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам-бақытты» – деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Мавлюда Абуталипқызы – бақытты жан, ардақты ана, аяулы әже, ұлағатты ардагер ұстаз.

Жан жағы ұрпағымен жайқалып отырған Мавлюда апамызға денсаулық тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін деген ниетіміз бар.

 

Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ САРЫБАЕВА.

Түркістан қаласы