ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМ: БЕСІКТІ ЖАСАП ЖАТҚАНДА ӘКЕ ӨСИЕТІН ЕСКЕ АЛАМЫН
Атам қазақ «Қазақ, өзбек бір туған» деп айтқан. Шынында, осы екі халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, шаруашылығында, өмір сүру салтында көптеген ұқсастық, жақындық бар.
Бесік жасаудың шебері, өзбек халқының тумасы Фархад Абдувахапұлы Маннатовпен 1 наурыз — алғыс айту күні қарсаңында дидарласып, жылы лебізін тыңдап қайттық.
Фархад Абдувахапұлы Маннатов 1975 жылдың тумасы. Қаламыздағы Ататүрік (бұрынғы М.Әуезов) мектебін бітірісімен бесік жасаумен айналысып келеді. 2008 жылы үйленіп, бүгінде жары Әсел екеуінің Дәулет, Нұрмұхаммед, Шахжаһан есімді ұлдары бар.
Ендеше, қасиетті кәсіп иесін тыңдасақ: — Бесік жасау біздің қарашаңырақтың ата кәсібі, өйткені, бұл өнер ата-бабамыздан ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Атам Маннат бесік жасайтын, қолынан бал тамған қолөнерші, ұста болған. Ол 1928 жылғы, 2014 жылы 86 жасында қайтыс болды. Мен ес білгелі әкем Абдувахап бесік жасаумен айналысты. Атамыздан басталған кәсіпті әкем бізге үйретті. Иә, біз оның жанында жүріп үйрендік. Әкем тал ағашты екі жыл кептіріп, бесік жасауға қолданатын. Алғашқыда әкеме көмектесіп жүріп, бүгінде отбасылық кәсібімізге айналды. Өз қолыммен жасаған бесіктерді «Мәди» базарынан жалға алған орнымызда сатылымға қоямын. Жеке кәсіпкер ретінде ай сайын салықты уақытылы төлеп отырмын.
Біз жеті ағайындымыз, бес ағам мен бір әпкем бар. Мен үйдің кенжесімін, қарашаңырақта отбасыммен тұрамын. Бес ағамның қолынан бесік жасау келеді, алайда олар басқа салада еңбек етеді. 4-5 сыныпта оқып жүргенімде әкемнің кәсібіне қатты қызығып, үйренген едім. Сол уақытта ол: «мына жерін қате жасадың, қайта жаса» деп айтып отыратын. Сол кездері талай жақсы ағашты жарамсыз еткенім әлі есімде. Бүгінде жарамсыз ағаш қалдырмаймын. Орта мектепті бітірісімен ата кәсіппен айналыстым.
Осы орайда, Фархадқа көкейдегі сауалдарымызды да қойып отырдық.
— Әкеңіздің қандай өсиетін жаныңызға серік еттіңіз?
— Әкем: «Бесік жасау — қасиетті кәсіп. Ешқашан су ағашты қолданба. Тал ағашты әбден кептіріп, мықты ағаштан жаса. Бесікті алған адам ренжімесін. Қасиетті мүлікке қиянат жасама, алдап сатпа. Асықпай, бар өнеріңді сал. Сен жасаған бесікке періште сәби жатады. Өте таза бол, жаның да, ойың да таза болсын» деп айтып отыратын. Мен әрбір бесікті жасап жатқанда әке өсиетін еске аламын. Тіптен, әкем жанымда тұрғандай сезінемін. Сондықтан әрбір ісіме жауапкершілікпен қараймын. Тазалықты қатты сақтаймын. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Әкем жарықтық, бесік жасаудың хас шебері, ісіне өте адал болатын. Бүгінде әке ұлағаты — таза еңбек етуді жалғастырып келемін, — деген Фархад өз кәсібінің қыр-сыры туралы да айта отырды.
— Тал ағашты әбден кептіріп, мықтылығына көзім жеткен соң ғана пайдаланып, станокта жонамын. Бір бесікті 2-3 күннің ішінде жасап бітіремін. Бұдан соң, бесікке лак жағып, оны тағы да кептіріп аламын. Дайын болған бесіктің жасау-жабдықтарын келіншегім Әсел тігін машинасында өзі тігеді. Жасау-жабдықтарымен көмкерілген бесікті сатылымға шығарамыз.Шамамен, айына 10-15 бесікті жасап бітіремін. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде жиналмалы бесікті де жасай бастадым. Жаратқанға шүкір, ата жолын жалғастырғаныма еш өкінбеймін. Керісінше осы кәсібімнен рахат аламын. Ешкімнен кем емеспін.
Халқымыздың ынтымақ, бірлігі нығайып, асқақтай берсін. Қазақстандықтардың саны жылдан жылға көбейіп, өсіп жатса біздің жұмысымыз да жандана түсері сөзсіз. Елімізге көп жақсылықтар тілеймін. Дүние есігін ашқан жас нәрестенің алғашқы ақ отауы — бесікті бар мейірімімді төге отырып жасайтын боламын, — деген Фархад Маннатовқа еңбегінің жемісін көре беруіне тілектеспіз.
Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.
Түркістан қаласы