ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТА ӨТКЕН СЕНБІЛІКТЕ СӘНДІК АҒАШТАР ЕГІЛДІ

34

Қазығұрт ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендер аумағын таза ұстау мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды.

Жалпы аудандық сенбілікке 1300-ге жуық тұрғын қатысты. Аталған шара Қазығұрт ауданына қарасты барлық 13 ауыл округін қамтыды. Сенбілікке аудан әкімі Азизхан Исмаилов, мемлекеттік қызметкерлер, мекеме мамандары, ауыл тұрғындары және жастар белсене атсалысты.

Тазалық жұмыстары барысында Қазығұрт елді мекенінің кіреберісіндегі монумент айналасына 70 түп арша көшеті егілді. Сонымен қатар көше бойлары мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды.

Сенбілікте аудан әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, экологиялық жауапкершілік пен ұжымдық бірліктің маңыздылығын атап өтті.

Сенбілікке арнайы техникалар мен жүк көліктері жұмылдырылып, жиналған қалдықтар белгіленген полигондарға шығарылды.