ШЫМКЕНТТЕ СТУДЕНТТЕРГЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ЗАҢҒА БАҒЫНУШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжінде “Заң мен тәртіп” тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Абай ауданы прокуратурасының прокуроры Асқар Әбдірасымұлы Сатыбалды, Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Талдау әзірлемелері басқармасының аға жедел уәкілі Жасұлан Ерланұлы Құттыбек және Тұран ауданы Полициясының майоры Минур Саятович Саятов қатысты.
Кездесу барысында жастарға құқықтық сауаттылықты арттыру, алаяқтық және құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша ақпараттар беріліп, тәжірибелі мамандар нақты мысалдар арқылы құқықтық жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндірді.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан кеңестер алды.
Құқықтық жауапкершілік — азаматтың немесе ұйымның заң нормаларын бұзғаны үшін мемлекет тарапынан қолданылатын шаралар. Бұл қоғамдағы тәртіпті сақтау және құқық бұзуды болдырмау үшін қажет.
Құқықтық жауапкершілік бірнеше түрге бөлінеді:
- Әкімшілік жауапкершілік — айыппұл, ескерту, арнайы құқықтан айыру.
- Қылмыстық жауапкершілік — бас бостандығынан айыру, шартты жаза, мәжбүрлеп еңбек.
- Азаматтық-құқықтық жауапкершілік — келтірілген материалдық зиянды өтеу.
- Тәртіптік жауапкершілік — ескерту, сөгіс, жұмыстан шығару.
Құқықтық жауапкершілік – заңды бұзушыларға қолданылса да, оның негізгі мақсаты – жазалау емес, қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету.
Заңға бағынушылық – азаматтың мемлекет қабылдаған заңдарды құрметтеп, оны өз еркімен орындауы. Бұл:
- заң нормаларын түсіну;
- құқықтық міндеттерді орындау;
- құқық бұзушылықтан аулақ болу;
- қоғамға пайдалы іс-әрекеттер жасау
дегенді білдіреді.
Заңға бағынатын адам — жауапты, мәдениетті, қоғамға үлгі бола алатын тұлға.
Құқықтық мәдениет — адамның құқықтық білім деңгейі, құқыққа деген көзқарасы және іс-әрекеті. Құқықтық мәдениеті жоғары адам:
- өз құқығын біледі;
- өзгенің құқығын құрметтейді;
- заңды өмірде дұрыс қолдана алады;
- құқық бұзудың салдарын түсінеді.
Азаматтық сана — әрбір адамның ел алдындағы борышын сезінуі, қоғам игілігіне қызмет етуі.
Жастар — елдің болашағы. Олардың заңды құрметтеуі және құқықтық сауаттылығы:
- құқық бұзушылықтың алдын алады;
- әлеуметтік тәртіпті нығайтады;
- қоғамды тұрақты етеді;
- құқықтық мемлекет құруға үлес қосады.
Мектептерде, колледждерде, ЖОО-ларда құқықтық тәрбие беру — заңға бағынатын ұрпақ қалыптастырудың негізі.
Құқық бұзудың салдары әртүрлі:
- айыппұл;
- әкімшілік жаза;
- қылмыстық жауапкершілік;
- қоғамнан оқшаулау;
- абыройға нұқсан келтіру.
Заңсыз әрекет тек жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға зиян тигізеді.
Құқықтық жауапкершілік пен заңға бағынушылық — кез келген құқықтық мемлекеттің негізі. Әрбір азамат заңды құрметтеп, оны орындағанда ғана қоғамда әділдік, тыныштық пен тұрақтылық орнайды. Заңға бағынатын, құқықтық мәдениеті жоғары ұрпақ — дамыған мемлекет болашағын қалыптастырады.








