ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН СЕНБІЛІККЕ ШЫҒЫП, 18 ТОННА ҚОҚЫС ЖИНАЛДЫ

21
Тазалықтың сақталуын денсаулықтың негізгі тетігі деп білетін жетісайлықтар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық тазалық жұмыстарына атсалысты.
«Дені сау адам ғана қоғамның толыққанды мүшесі бола алады» деген қағидаға амал жасап, мүмкіндігінше қоршаған ортаны, табиғатты таза ұстауға әрекет етіп келе жатқан мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен аудандық мәслихаттың депутаттары, ерікті жастар мен экожанашырлар, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан сенбілік жұмыстары ауданның кіре беріс қақпасы саналатын Ш.Ділдәбеков ауылдық округінен бастау алды. Республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен саябақтардың, скверлер мен демалыс орындарының аумақтары, арық-атыздар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің маңайлары ретсіз тасталған қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоқыстар арнайы орындарға топтастырылды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізілген аумақтар түрлі шөптерден тазартылды.
Ауданның экологиялық жағдайын жақсарту, тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымдарын дамыту және табиғатты қорғау жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға 2 мыңға жуық тұрғын мер 25 арнайы техника жұмылдырылды. 18 тонна қоқыс шығарылды.
Ауданда тұрақты түрде жүргізіліп отырған тазалық жұмыстары аудан басшысының жіті бақылауында. Өйткені, шара ауданның тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық санасын да қалыптастыруға бағытталып отыр.