ШЫМКЕНТТІ КӨП ОРТАЛЫҚТЫ ҚАЛА РЕТІНДЕ ДАМЫТУ КӨЗДЕЛГЕН 

280

Шымкент қаласы халқының саны 2027 жылға дейін 1 миллион 450 мың адамға, ал, 2035 жылға қарай 1 миллион 850 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Мамандар қаланың жаңа Бас жоспарында осындай болжамдарды көрсетіп отыр. Сәйкесінше, Бас жоспар халық санының осылай өсуін негізге ала отырып, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін қажетті жағдай қалыптастыру мақсатында жасалған.

Мамандардың түсіндіруінше, Бас жоспарда Шымкентті полицентрлі, яғни, көп орталықты қала ретінде дамыту көзделген. Міне, сол себепті шаһарда жаңадан Тұран ауданы құрылып отыр. Демек, алдағы уақытта Шымкенттегі 5 ауданның өзінің орталық бөлігі, сауда және қызмет көрсету орындары, әлеуметтік инфрақұрылымы, спорттық және мәдени кешендері, саябақтары болады. Тұрғындар өзіне қажеттіні табу үшін қаланың екінші шетіне қарай сабылып жүрмейді.
Бас жоспарда қаланың дамуы негізінен солтүстік бағытта болады деп көзделген. Атап айтқанда, қазір Тұран және Шымкентсити шағынаудандары жаңа орталық ретінде қарқынды даму үстінде. Мамандар болашақта, Абай, Еңбекші, және Тұран аудандарының да осындай өз орталықтары қалыптасады деп жоспарлаған. Сонымен қатар бұл аудандардың аумағында ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындар кластерін орналастыру да көзделген.
Жаңа Бас жоспарда экологиялық ахуалға да ерекше назар аударылған. Бүгінде Шымкентте әрбір адамға 3,13 шаршы метрден жасыл желек бар екен. 2035 жылға дейін осы көрсеткішті 5 есеге жуық арттырып, қаладағы жасыл желектің аумағын жан басына шаққанда 16 шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Мамандар ол үшін Шымкенттегі барлық терең сайлар мен жыраларды көгалдандыруды қолға алмақ. Мұндай орындарға ағаш пен көгал егіп, жасыл желекке бөлеуге болатынын дендросаябақ пен мемориалдық кешен аумағындағы сәтті тәжірибелер көрсетіп отыр.
Үлкен қаладағы ең күрделі проблеманың бірі көлік кептелісі екені мәлім. Демек, шаһардағы жайлы тұрмыс үшін жол-көлік инфрақұрылымының маңызы айрықша екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті сала мамандары Шымкенттегі магистральды көшелер мен жолдардың айқын радиалды-айналма жүйесін әзірлеп шықты. Қаладағы жолдарды осы жоспарға сәйкес дамыту бойынша нақты жұмыс қазірдің өзінде басталып кеткен.
Мұнан бөлек теміржол арқылы қаладағы экологияға зиянды жүктерді тасымалданатыны ескеріле отырып, қаланың солтүстік шетіне қарай жобаланды. Атап айтқанда, жаңа әуежай аймағында жаңа теміржол вокзалын салу ұсынылған.
Сондай-ақ, Бас жоспарға жүрдек автобус көлігі және жеңіл рельсті транспорт секілді қоғамдық көліктің қазіргі заманғы түрлерін дамыту бойынша да ұсыныстар енгізілген. Ол үшін перспективалы магистральдар мен көшелер анықталып, негізгі және кіші магистральдардың көлденең профильдері әзірленіпті.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен «Градкомплекс» ЖШС-і арасында жасалған келісімшарттың негізінде 2 жыл бойына шаһардың жаңа Бас жоспарын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бас жоспардың жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып, Қоғамдық кеңестің талқылауына салынды. Биыл маусым айында аталған құжат Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті ұйымдастырған кешенді қала құрылысы сараптамасынан да толығымен өтіп, осы мәселе бойынша қалалық мәслихаттың арнайы шешімі қабылданған. Бас жоспардың жобасы ҚР Үкіметінің қаулысын қабылдау үшін жолданды.

«Шымкент келбеті»