ТАҢДАУЛЫҒА – ТОҒЫЗ ТАЛАП

208

Сауран ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың айтуынша, қанатқақты жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы.

Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс. Несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі сараланады. Несиені алу үшін қойылған кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу немесе өзі қалаған жағына өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.

«Жасыратыны жоқ, біздегі шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ісін дөңгелетіп кете алмай отыр. Себебі, жем-судың да бағасы, жанар-жағар май, техникалық қызмет түрлерінің, тыңайтқыштардың да бағасы аспандап кеткені рас. Сондықтан біз алдағы жылдары шаруашылықтарды өз салаларына орай, біріктіруді, ірілендірудің жолын ұсынып отырмыз. Мәселен, несиенің ең жоғарғы сомасы — кооперацияны дамыту үшін 27 600 000 теңгеге дейін болса, жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін — 8625000 теңгеге дейін қаржы қарастырылып отыр. Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі – 84 айға дейін жалғасады.

Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, немесе жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады.

Сыйақыны өтеу де, шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған»,-дейді сала басшысы.

Оның айтуынша, ірі шаруашылықтардың қадамы да қарымды. Барлық қаржылық, техникалық және ұйымдастыру мәселелерін кооператив мүшелері ақылдасып шешеді. Мұндайда қазақ «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді.

Сауран аудандық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевқа жолығып, шаруалар кооперативтерге бірігуден не ұтады деген нақты сұрақ қойдық.

— Қазір шаруа қожалықтарының әрқайсысының жеке жері бар. Жұмысын істеп жатыр. Олар «ортақ өгізден, оңаша бұзау» деген тәртіпті жақсы көреді. Кооперативтерге бірігудің мәселесі бірлесіп қызмет жасаудан туындап отыр. Яғни, техниканы бірлесіп пайдалану, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды бір жерден алу жүзеге асырылады. Одан кейін өнімді жинау, өткізу мәселесі де бірге атқарылады. Бұған барлық техника жұмылдырылады. Бұл жерде айта кететін нәрсе. Бірігудегі мақсат – кооперативті заманауи үлгідегі жаңа техникамен жарақтандырудың қажеттілігі. Мұны Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қадап тұрып түсіндірді.

«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілері мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».

Бұл өте қиын мәселе. Жеке-дара жүрсе, шаруалар техникаларын жаңалай алмайды. Себебі, жаңа техникалардың бағасы шарықтап кетті. Мәселен, 2010 жылдары бес миллион теңге тұратын трактор қазір он миллион теңге тұрады. Бағасы екі есеге өскен. Оны шаруалардың алуға шамасы жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, оларды техникамен қамтамасыз ету керек. Біздегі майда, ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің ең негізгі тетігі осы. Мемлекет техниканы кооперативтерге 50 пайыздық субсидиямен (қайтарымсыз қаржы) береді. Қазіргі кезде кооперативтерге 28 миллион теңге шамасында қаржы береді. Ол жаңа бір техника, ал пайдаланылғаны болса, асып кетсе екі техникаға ғана жетеді. Жаңадан құрылатын кооператив бір-екі техникамен алысқа ұзай алмайды. Алдымен Сауран ауданындағы жетекші бір ауылда қанатқақты жоба ретінде үлгі-тәжірибе жүзінде осындай үлкен кооператив құру керек. Ол бұрынғы МТС яғни машина-трактор паркі секілді техникалық жарақтанған болуы тиіс. Соның жанынан минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай қоймалары ашылуы керек. Барлығы бір орталықтан жасалса, берекесі болады. Сұраныс, талап та кооператив басшылығына қойылады.

Мәселен, келесі жылы «Ауыл аманаты» жобасына берілетін қаржыны көбейтейін деп жатыр. Сол кезде осы бастаманы өндіріске батыл енгізу қажет деп ойлаймын. Мен осы мәселе туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына кіргенімде, ол кісі мені қолдап министрлікпен сөйлескенде, «келесі жылы бөлінетін қаржы еселенеді» деген пікір білдірілді. Осы мәселе созбалаңға салынып кетпесе болғаны. Мұны шаруа қожалықтары мен «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдауды ұлттық палатасының өңірлердегі филиалдары да қадағалағаны жөн.