АҚТАУДА АҚТАЛҒАН АСЫЛ АРМАНЫ
2007 жылы Тельман жұмыс жағдайымен Ақтау қаласына қоныс аударады. Мұнда келісімен ол ілкі кезде облыстық телевидениеге тілші болып жұмысқа орналасты. Каспийдің ақ маржаны атанған шаһарда да Тельманның айы оңынан туып жүре берді десек, қателеспейміз. «Өзі жақсы адамға қай жерде де бір орын табылады» демекші, мұнда да ақылшы ағалары бағыт-бағдар сілтеп, әріптестері ұсыныс-пікірін қолдап әкетті. Сол сәттерді ол былай деп еске алады:
«Ақтауға келген соң төрт айдан кейін телевидение басшысы Рауан Кенжеханұлының ұсынуымен респуб-ликалық белді басылым «Айқын» газетінің меншікті тілшісі болдым.
2010 жылдың күзінде облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен қалалық «Ақтау ақпарат» газетін құрып, оның басшысы болдым.
Ал, 2012 жылы облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың медиахолдинг құру жөніндегі тапсырмасы бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрбол Телегенов оны ұйымдастыруды маған міндеттеп, оның басшысы етіп тағайындады. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік еді. Өйткені, 9 редакцияны таратып, қайта құру дегеніміз – ұзақ уақыт пен жүгірісті талап етеді және құжаттарын дайындау да оңай шаруа емес. Сондықтан ішкі саясат басшысы екеуміз алдымен жұмысты неден бастайтынымыз жайлы кеңесіп алдық. Жаңа құрылымның жағдайын дұрыстау үшін мемлекеттік тапсырыстан түсетін қаржыдан бөлек нарық заңына сайкес бәсекелестікпен облыстағы жағдайлары өте жақсы газеттердің жеп отырған нанына ортақтасу арқылы жарнамадан, түрлі тапсырыстардан қомақты пайда табуға болатынын жеткіздім және оның жолдарын да айттым. Сөйтіп, мекеменің атауы «Маңғыстау – Медиа» ЖШС болып бекітілді.