СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЕКІ ШАҒЫНАУДАНДЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТИТЫН НЫСАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

62

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапарымен барды. Алдымен, Шолаққорған ауылындағы құрылысы аяқталған ауыз сумен қамтамасыз ету нысанында болды.

Нысанның құрылысы аяқталған. Енді Шолаққорған ауылындағы «Ақшам» және «Наурыз» шағынаудандарындағы 5600 тұрғын, 1111 абонент таза ауыз суға қол жеткізбек. Жаңа нысанды көрген өңір басшысы ауылдар мен елді мекендерді толық ауыз сумен қамту бағытында жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанынан тоқталды.

– Өздеріңіз білесіздер, елімізде ауыз су мәселесі өзекті. Облыс тұрғындарының 90 пайызға жуығы ауылдарда тұрады. Ауылдар мен шағын елді мекендерде ауыз су мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Созақ ауданына жасаған алғашқы сапарымда осы Шолаққорған ауылының «Ақшам» және «Наурыз» шағын аудандарының тұрғындары ауыз су мәселесін көтерген. Бұл бойынша тиісті шаралар атқарылды. Тұрғындарды орталықтандырылған сапалы ауыз сумен тұрақты қамту үшін құрылыс жұмыстарын өткен жылы бастадық. Бұл жұмыстар аяқталып, жақын күнде Шолаққорған ауылы тұрғындары 24 сағат сапалы ауыз сумен қамтылады. Бұған қоса өткен жылы Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары басталды. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе біз үшін өте маңызды, – деді Дархан Сатыбалды.

Нысанның құрылыс жұмыстарын «QAZ STROY EVEREST» ЖШС жүргізді. Жоба құны – 1 547 373,0 мың теңге. Құбырдың жалпы ұзындығы – 93,917 шақырым. Құрылысы 2022 жылдың қараша айында басталған нысан, 2023 жылдың соңында аяқталды. Қазіргі таңда жеке тұрғын үйлерді ауыз суға қосу жұмыстары жүргізілуде.

Дархан Сатыбалды Шолаққорған ауылында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылады. Жауапты басшыларға жүктеліп отырған міндеттерді жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласының жандануына ерекше көңіл бөліп келеді. Өткен жылы Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында осында Ы.Алтынсарин атындағы 900 орындық жалпы орта мектебінің құрылысын бастадық. Жаңа мектептің техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғайтылып, оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталады. Жауапты тұлғалардан құрылыс сапасына аса көңіл бөлуді талап етеміз, – деді облыс басшысы.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынып жатқан білім ордасының құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Оқу ордасының жоба құны – 5950,000 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарын «Қаратау ЛТД» ЖШС жүргізіп жатыр. Білім ұясы 900 орынға лайықталған.