“ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК”

59

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжіліс болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда әрбір ауылдық округі кесіндісінде кедейлікті төмендету бойынша атқарылған жұмыстар бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек, Үшқайық ауылдық округінде инвестиция тарту бойынша ауылдық округ әкімі Мұхтар Шалаев, мемлекеттік сатып алу конкурстарының жариялануы туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбектің мәлімдеуінше аз қамтылған азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылып, әлеуметтік көмектер көрсетілген. Соңғы 2022-2023 жылдың қорытындысымен салыстырғанда кедейлік деңгейін және тиісінше атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендетудің оң үрдісі байқалуда. 2023 жылы ауданда 3938 адам атаулы әлеуметтік көмек алса, 2022 жылы 4904 адам алып келген. Кедейлік деңгейін төмендету атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту шараларына тарту жөніндегі белсенді жұмыстың арқасында қамтамасыз етіліп келеді.

Сонымен қатар, 35 жасқа толмаған азаматтарға 2,5 пайыздық 5 млн.теңгеге дейін жеңілдетілген қайтарымды шағын несие беру жоспарланған. Осы мақсатта 175000,0 мың.теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда 22 жоба конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде 17 адамның жобасы мақұлданып, қаржылары толығымен аударылған. Шағын несие алғандардың 45% мал шаруашылығын дамытуға алса, қалған 36% қызмет көрсету, 19% өндіріс ашу мен тамақ өнімдерін өндіруге алғанын мәлім етті.

“2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба” аясында 2024 жылы аудан бойынша әлеуметтік шаралармен қамтылған 6987 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 3982 тұрақты, ал қалған 3005 орны уақытша, субсидияланатын жұмыс орындарына 1654 жұмыс орны ашылатын болады. Жаңа жұмыс орнына 23 жобаға 247 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.