«Таза Қазақстан» бағдарламасы – патриотизмнің экологиялық көрінісі

6

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан қаласында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – патриотизмнің экологиялық көрінісі. Табиғатты қорғау, туған өлкені таза ұстау – бұл Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты әрекеті. Патриот болу – Туға құрмет көрсету ғана емес, туған топырақты аялау мен сақтай білу. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы – бұл тек табиғатты тазарту емес, елін сүю мен құрметтеудің нақты көрінісі. Бұл бастама мен патриотизмнің арасында тікелей байланыс бар. Бағдарлама аясындағы сенбіліктер, тазалық акциялары – жастарды еңбекке баулиды, елге пайдалы іс жасауға итермелейді. Бұл – азаматтық сана мен жауапкершілікті оятатын құрал. Елге қызмет етудің бір түрі – экологиялық тәртіпті сақтау. Осы ретте, тазалық шарасына Түркістан қаласына қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері белсенді қатысты. Жалпы тазалық жұмысына 800-ден аса адам өз үлесін қостты. Сенбілік барысында шөптер шабылып, аяқжолдар сыпырылып, қоқыстар жиналды. Нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, аумақтар толықтай тазартылды. Қала аумағында экологиялық тұрғыдан маңызды деп танылған 18 белгіленген аумақта сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті мекемелер бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, өңір экологиясын жақсарту жолында белсенді жұмыс атқаруда.

«Патриотизм» терминінде әркімнің өзіндік түсінігі бар. Дегенмен көпшілік – өз Отанына деген сүйіспеншілігін көрсететін биік сезім ретінде ұғынады. Шындығында, патриотизм түрлі формада және әр адамда белгілі бір дәрежеде көрініс табады. Бағзы заманнан бүгінгі уақытқа дейін өз еліне, ұлтына, халқына деген сүйіспеншілік, туған мәдениетіне, тіліне, жетістіктері мен жеңістеріне мақтаныш, шет жақа шыққанда туған жерге деген сағыныш сезімінің туындауы, Отан мен ортақ идея үшін өз мүддесін құрбан етуге дайын болу, елдің бүгіні мен болашағына алаңдау, өз халқының мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге және азаматтық борышын өтеуге ұмтылу сияқты сипаттамлар қалыптасқан. Тұлғалық деңгейде патриотизм – адамның дүниетанымында, мақсат-мұраттарында, мінез-құлық нормаларында көрініс табатын маңызды, тұрақты сипат. Ал оның жоғарғы көрінісі – өз халқына, оның өмір салтына, тарихына, мәдениетіне, мемлекетіне, іргелі құндылықтар жүйесіне қатысты ұжымдық көңіл-күйде, сезімде, оны бағалауда көрінетін қоғамдық сананың маңызды бөлігі. Жалпы патриотизм сөзі ежелгі гректің «патриа» –  атамекен сөзінен шыққан. Отанға деген құрмет, өз халқына деген сүйіспеншілік, өз салт-дәстүріне құрмет, ұлты мен елінің жеңістеріне мақтаныш – осының барлығы патриотизмге тән қасиеттермен теңестіріледі. Қарапайым сөзбен айтқанда, Отанға, тілге, салт-дәстүрге, мәдениетке деген сүйіспеншілік. Адам бойындағы патриотизм оның іс-әрекетінен көрініс табады. «Шағын Отанына» деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриоттық сезім кемелдену жолында сан түрлі кезеңдерден өтіп, жалпыхалықтық патриоттық санаға, еліне деген саналы сүйіспеншілікке көтеріледі. Ол – мемлекет діңгегі беріктігінің моральдық негізі және қоғам дамуының, сондай-ақ жеке тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымы мен Отанына аянбай қызмет етуге дайын болуының маңызды ресурсы. Әлеуметтік құбылыс ретінде кез келген ұлт пен мемлекеттіліктің дамуының нығайтқыш негізі. Елінің тұтастығы мен егемендігін, оның ұлттық қауіпсіздігін, тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жеке мүддесі мен ұмтылысынан әлеуметтік және мемлекеттік принциптерді жоғары қою, сондай-ақ жеке адам, қоғам өмірі мен қызметінің жоғары мәні ретінде бағаланады.  Патриотизмді қоғамдық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде жете бағаламау қоғам мен мемлекеттің әлсіреуіне әкеледі.

Патриотизмді дәріптеу келесі міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырылады:Азаматтардың санасына әлеуметтік маңызы бар патриоттық құндылықтардың және қазақтың мәдени және тарихи өткеніне, дәстүрлеріне құрметпен қараудың, мемлекеттің, әсіресе әскери қызметтің беделін арттыру;Азаматтарды әлеуметтік-экономикалық, мәдени-құқықтық, экологиялық және басқа да проблемаларды шешуге белсенді қатысуына мүмкіндіктерін жасау; Азаматтарды мемлекетінің Конституциясын, қоғамдық және ұжымдық өмірдің нормаларын құрметтеу рухында тәрбиелеу, адамның конституциялық құқықтары мен оның міндеттерін, азаматтық, кәсіби және әскери борышын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;Елінің мемлекеттік рәміздеріне – Елтаңбасына, Туына, Әнұранына, және еліміздің тарихи киелі орындарына деген мақтаныш сезімін, терең құрмет пен қастерлеу сезімін ояту; Қоғамдық оқиғалар мен мәселелерді теледидардың, радионың және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен ақпараттандыру арқылы азаматтардың патриоттық бағдарын күшейту;Ел тарихын бұрмалауға, адам құқығын таптауға негізделген бұқаралық мәдениет үлгілерін насихаттауға, анти-патриотизмдік белгілерге белсенді түрде қарсы тұру; Нәсілдік, ұлттық, діни төзімділікті қалыптастыру, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту.

Жалпы отансүйгіштік – қасиетті сезім. Қайда жүрсе де адамға қуат беретін – атамекен. Ал Отанға деген сүйіспеншілік бұл байланысты нығайтады. Нағыз патриот отанын қорғау жолында тіпті елінен қудаланған болса да халық үшін, ел игілігі үшін жасалғанын түсініп, іштей өкініш туындамайды, өйткені шын отансүйгіш адамды қандай да бір қиын жағдаймен сындыру қиын. Сондықтан қай уақытта да елден жер аудару ең ауыр жазалардың бірі болды. Оны тек өлім жазасымен салыстыруға болатын шығар. Отанға деген сүйіспеншіліктің табиғаты басқалар сияқты жұмбақ. Бір оқиғадан кейін кенеттен патриот бола алмайсың. Бұл сезім жылдар мен өмір тәжірибесі арқылы қалыптасады. Иә, патриотизм санада біртіндеп қалыптасады. Патриоттық сана отбасынан және мектептен бастап, халықтың дәстүрлері мен бүкіл өмір салты арқылы, қоғамның күш-жігерімен қалыптасады. Патриотизм құбылыс ретінде әрқашан оң бағалана бермейді, мысалы, Принстон университетінің саяси ғылымдарының құрметті профессоры Джордж Кэтеб – патриотизмге өте күшті эмоционалды коннотациялық түсінік бергенімен, «Патриотизм және басқа да қателіктер» атты еңбегінде бұл әлеуметтік құбылысты «көбінесе қиялдың туындысынан болатын нәрсе үшін өлуге және өлтіруге дайын болу» деп бағалаған. Патриотизм саяси мәдениетпен, тарихи жадының ерекшеліктерімен, адамның архетиптік болмысымен байланысты. Бұл тұрғыда жоғарыда келтірілген теріс түсіндірменің біздің қоғамдық санамызға қатысы жоқ. Қазақстанның бүкіл тарихында патриотизм әрқашан қоғамның рухани негізі, жеңістер мен жетістіктердің тірегі ретінде әрекет етті.

Бірақ мемлекет қоғамда патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің көрінуіне (жанама) әлеуметтік-экономикалық жағдай жасаумен қатар, патриоттық тәрбиенің (тікелей) саясатын да жүргізеді. Бұл тек туған елге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру процесін ұйымдастыру ғана емес, қоғамда азаматтық жауапкершілікті, құқықтық сананы, саяси (сайлау) мәдениетті дамыту жүйесі. Бұл өз елі үшін, оның тағдыры үшін жауапкершілік сезімін дамытуға бағытталған, өйткені әрбір адам өз іс-әрекетімен, бүкіл қызметі арқылы мемлекеттің болашағы қандай болатынын айқындайды. Мұны түсіну адамда тек патриотизмді ғана емес, сонымен бірге азаматтықты да дамытады: өмірінің мәнін айтарлықтай өзгертеді, оның мақсаты өзі және оның отбасы үшін жай ғана жайлылық жасау емес (бұл адам үшін табиғи нәрсе және оны сөзсіз айыптауға болмайды), сонымен қатар елдің және жалпы қоғамның мүдделерімен байланысты (постматериалдық) мақсаттар пайда болады. Көптеген ғалымдар қазіргі кезеңде жеке тұлғаның да, бүкіл қоғамның да рухани-адамгершілік құндылықтарының әлсірегендігін алға тартады. Бұл тұрғыда патриоттық тәрбиенің маңыздылығы орынды, өйткені «адамның қауіпсіздігін жеке тұлғаның бойында әлеуметтік жауапкершілікті тәрбиелеу және практикалық қызметте этикалық-құқықтық барьер құру арқылы қамтамасыз етуге болады». Патриоттық тәрбие адам қызметінің рухани-адамгершілік негіздерін дамытады, жетілген, даму үстіндегі, сыни тұрғыдан ойлайтын тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Бұл – адамға бағытталған ақпараттық және психологиялық шабуылдарға ұшырайтын қазіргі жаһандану жағдайында ерекше мәнге ие. Патриоттық тәрбие, ең алдымен, жастарға бағытталған мемлекеттік саясаттың бағыты ретінде басқа да, аса маңызды міндеттерді шешеді – бұл олардың кәсіби немесе білім беру қызметінен тыс қабілеттері мен қажеттіліктерін жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді. Жастардың өзін-өзі жетілдіруі мен танытуына қажеттіліктері және қоғамдық, саяси процестерге қосылу мүмкіндігі. Бұл ретте, патриоттық тәрбиенің (тікелей) жүйесін тиімді іске асыру үшін қоғамда және мемлекетте өмір сүрудің (жанама) әлеуметтік-экономикалық жағдайлары (әлеуметтік кепілдіктер, тұрақтылық, құқықтар мен бостандықтар, кәсіби өсу мүмкіндігі) болуға тиіс екені анық.

Патриоттық мінез-құлық түрлерінің қысқаша сипаттамасын келесі белгілер арқылы анықтауға болады. Мысалы, патриоттық мінез-құлықтың идеологиялық түрінде – адамдар әрқашан көзге түсуімен ерекшеленеді. Олар көпшіліктің арасынан бірден байқауға болады және кез келген жағдайда, тіпті қажет болмаса да, өздерінің патриотизмін көрсетуге тырысады. Қысқаша айтқанда, оларға пафостық әрекет тән. Патриоттық мінез-құлықтың бұл түрін бірқатар принциптермен сипаттап көрсеткен: «Мен тек қазақстандық өнімді тұтынамын», «Мен өз сенімімнен ешқашан бас тартпаймын, олар үшін азап шегуге дайынмын». Патриоттық мінез-құлықтың мұндай типтегі адамдар үнемі айналасындағыларды патриоттыққа тәрбиелеуге тырысады және «патриоттық емес» көзқарастарғы адамдарды кездестіргенде өте агрессивті түрде эмоция танытады. Сонымен қатар олар, әдетте, билікке барлық жағынан қолдау көрсетуге ұмтылатын және догматикалық адамдар. Осы типтегі патриоттар жиі ресми патриоттық шараларға қатысады. Олар үкіметтің кез келген бастамасын күмәнсіз және талдаусыз әрқашан қолдауға дайын. Ал егер билік өзінің позициясын өзгертіп жатса, оларда сол  «жаңа» үрдістерді оңай қабылдайды. Алайда егер биліктің өзі ауысса, олар ескі көзқарасты ұстанып, жаңа билікке оппозиция ретінде шығады. Олар елдің бүгініне немесе өткеніне әртүрлі көзқараспен қарауға болатынын ескермей, бір ғана көзқарасты ұстануды жөн көреді. Олар өз көзқарастарын қайта қарауға бейім емес және олардан ешқашан бас тартпайды, өйткені олардың көзқарастары ұтымды логикаға емес, сенімге негізделген. Патриоттық мінез-құлықтың бұл түрінің күшті жақтары – тәртіпке деген тұрақты ұмтылыс, ұжымда жұмыс істей білу және өз сенімдері үшін жеке әл-ауқат пен жайлылықты құрбан етуге дайын болуы. Әлсіздігі: аналитикалық дағдылардың төмендігі және ымыраға келу қабілетсіздігі. Мұндай адамдар қуатты мемлекет құру үшін оған кедергі келтіретін адамдармен қақтығысқа түсіп, өз ұстанымдарынан ешқашан бас тартпау керек деп санайды.