Түркістанда «Ustazga AI»: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобасын таныстыруға арналған кездесу өтті

22

Түркістанда мұғалімдерді жасанды интеллект технологияларын тиімді және жауапты қолдануға үйрету, олардың жұмыс жүктемесін азайтып, оқыту сапасын арттыруға арналған «Ustazga AI»: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобасын таныстыруға арналған кездесу жиыны өтті. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен кездесуге «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» компаниясының мемлекетпен байланыс бөлімінің басшысы Ерлан Абдиманапов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова қатысты.

Ұстаздар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып берген жиынға облыстық білім басқармасына қарасты барлық ұйымдардың жауапты мамандары, әдістемелік орталықтардың жетекшілері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мектептер мен колледждердің директорлары қатысып, жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне кіріктірудің маңыздылығымен танысты.

Кездесудің ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының бағыттарын айқындай отырып, цифрландыру мен жасанды интеллект салаларын басым бағыт ретінде атап өтті.

– Білім саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу, білім сапасын арттыру мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Түркістан облысы Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдай отырып, білім беру саласының цифрлы трансформациясын жеделдетуді, жасанды интеллекті саласы арқылы ерте жастан білім беруді қалыптастыруды және педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыттарында нақты шаралар қабылданып жатыр. Бүгінгі таңда облысымызда информатика, робототехника және STEM кабинеттерін жабдықтау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп отыр, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық «Әйелдер қанатының» жетекшісі Қалыйма Жантөреева ашып, жүргізді. Өңір ұстаздармен өтіп жатқан кездесудің маңыздылығына тоқталып, қазіргі технологиялық дәуірде білім беру саласының даму қарқыны жаңа талаптарды алға тартатынын айтты.

Қоғамның цифрлық дағдыларын қалыптастыруда «AMANAT» партиясы биылдан бастап «Цифрлы қоғам» жобасын іске қосқанын партия хатшысы Шолпан Қаринова атап өтті. Бұл жоба бірнеше бағытты қамтитынын, соның ішінде ең ауқымдысы – педагогтарды қолдау бағыты екенін айтты.

Платформа мен курстар арқылы жасанды интеллектіні педагогтың көмекшісі ретінде пайдалануға үйрету мәселесіне қатысты «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев пен «Daryn Ustaz» компаниясының бөлім басшысы Ерлан Абдиманапов қызықты мағлұматтармен бөлісіп, «Ustazga AI» платформасының артықшылықтарын таныстырды.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалған міндеттер аясында «Daryn Ustaz» орталығымен бірлесіп, «Ustazga AI»: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобасын бастады. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың «Mұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысында берген тапсырмасының негізінде жүзеге асып, мұғалімдерге арналған тегін онлайн курсты ұйымдастыру, білім беру саласында жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдарын көрсету, сондай-ақ педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру мәселелерін көздейді. Аталған жоба – цифрландыру және білім берудегі тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бағытындағы нақты қадам. Жоба үш негізгі кезеңді қамтиды.

Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу – уақыт талабы екенін айтып, жасанды интеллект пен жаңа технологиялар Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.