КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА ИТАЛИЯ КОМПАНИЯСЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ

131

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға жұмыс сапары барысында маңызды келісімдерге қол жеткізді. Солардың бірі – Түркістан облысы, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу жобасы. «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелі аяқталған соң, Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

«Самұрық-Қазына» АҚ мен Balestra компаниясы арасында Түркістан облысы, Созақ ауданы, Тайқоңыр ауылында жылдық қуаты 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен мерзімін айқындайтын келісім жасалды.

Айта кетейік, өңірде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен индустрияландыру және өндіріс орындарын ашуға басымдық беріліп жатыр. Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ өз инвестициясы есебінен Түркістан облысы, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысын салу жұмысын бастауда. Арнайы жер бөлініп, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Жобаның операторы бекітілген. Аталған жобаның құны – 100 млрд. теңге. Зауыт ашылған соң 274 адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.