ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ ТУРИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН 30-ҒА ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Түркістан облысында туризм саласын дамыту — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі. Биыл жыл басынан бері өңірдегі тарихи-мәдени жерлерге 443 400-ден астам азамат саяхат жасаған. Бұл жайында Түркістан облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгерім Сәбитқызы брифингте мәлімдеді.
«Облыс аумағындағы табиғи орындарға келушілер саны 56 200-ге жетті. Ал, 2026 жылдың І тоқсанында қонақ үйлерде демалғандар саны 87,1 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 41,9%-ға өскен. Келушілерге көрсетілген қызмет көлемі 2,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 47,6%-ға артқаны байқалады. Сонымен қатар, биыл 4 айдың қорытындысымен туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 28,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артқан. Жалпы 2026 жылы облыс аумағында құны 14,4 млрд теңгені құрайтын 27 туристік инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңға дейін облыс орталығында жеке инвестиция есебінен құны 5,5 млрд теңгені құрайтын «Қолөнер орталығы» жобасы іске қосылды. Кешен аумағында қонақ үйлер, сауда орындары, қолөнер шеберханалары мен дүкендер орналасқан. Бұдан бөлек, «Medina Palace» қонақ үй кешенінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, «Yassy Hall Apartments» қонақ үй кешені салынып жатыр»- деді спикер.
Облыс аумағындағы туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026 жылы туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу бойынша жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі тапсырысымен жүзеге асырылатын негізгі жобалардың қатарында Түркістан-Шәуілдір автомобиль жолын қайта жаңғырту, Сауран қалашығына апаратын жолды жөндеу және Бабайқорған-Майдантал бағытындағы жолды орташа жөндеу жұмыстары бар.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі













