ЖАҚЫПБЕК АНАРБАЕВ: «ЕСЕП-ҚИСАПТЫ МЕҢГЕРМЕГЕН МАМАН НАРЫҚТА КӨП ҚИЫНДЫҚ КӨРЕДІ»

164

Бүгінде алпыстан асып, жақында пайғамбар жасына толған Жақыпбек Шәмірбекұлы Анарбаевты шорнақтықтар ағайынға жанашыр һәм қамқор болып жүретін кішіпейіл де ілтипатты азамат ретінде ғана емес, нарықтың нар көтермес қиындығына тап болған кезде ақыл сұрап, кеңесуге болатын есеп-қисапқа жүйрік, білімін тәжірибесімен ұштастырған маман ретінде құрметтейді.

Жақыпбек Шәмірбекұлы 1960 жылы 9 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданындағы Шорнақ елді мекенінде дүниеге келген. 1966-1976 жылдары Фрунзе ауданындағы орта мектепті бітірген. Есепке жүйрік жігіттің таңдағаны Қарағанды қаласының кооператив институты. Ол кезде еліміздегі қаржы жөніндегі бірден-бір сапалы жоғары білім беретін оқу ордасы болып табылады. Соған алғашқы абитуриент болған жылы өз күшімен түсіп кетті. Сол кездегі дәстүрмен арнайы жолдама алып, Көкшетау облысы, Куйбышев ауданы, Куйбышев аудандық тұтынушылар одағының тексеру комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Небәрі 22 жастағы жігіттің аудандық тұтынушылар одағының тексеру комиссиясының төрағасы болып тағайындалуы сирек кездесетін құбылыс. Екінің бірінің маңдайына беріле бермейтін бақ. Әрі Кеңес Одағының ішкі саясатының жастарды көтермелеу, білікті кадр жасақтау жөніндегі бағдарламасының бір парасы болса керек. Жақыпбек арада бір жыл өтпей, институтта әскери кафедра болмағандықтан Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды.

Орысша, қазақша қаржылық іс қағаздарын жетік білетін маман оңтүстік өңірде де қат болғандықтан әскерден келген бойда, 1984-1997 жылдар аралығында Түркістан тұтынушылар одағында есепші, бас есепші, тексеруші қызметтерін атқарды.

1991- 2001 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің асханасында директор қызметін атқарды. Он мыңдаған студенттер мен жүздеген оқытушылар, қала берді олардың қонақтарына мінсіз қызмет көрсетіп, қалаған ас ауқаты, сүйікті тағамын тауып беру оңай іс емес. Одан кейін өзінің мамандығы бойынша Түркістан қаласы кірістер басқармасында бас маман, аудитор болды. 2013 жылы алғашқы әкім сайлауы кезінде бағы жанып, Шорнақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Ол қызметті 2017 жылға дейін атқарды.

2018 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры қызметін атқарды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалінің иегері. «Нұр Отан» партиясының алғашқыларының бірі ретінде мүшесі болды.

Қазіргі таңда «АMANAT» партиясының белсенді мүшесі. Шорнақтың қадірменді қариясы ретінде кішіге қамқорлық, үлкенге ізет көрсетіп келеді. Орайы келгенде Жақыпбек Шәмірбекұлын әңгімеге тартып, өмірден көрген-білгені, оқыған-тоқығаны туралы сұрап білдік.

— Жақыпбек Шәмірбекұлы, алдымен өзіңіздің ата-анаңыз туралы білсек.

— Менің әкем Шәмірбек Анарбаев, Шорнақта бұрынғы «Ленинизм» колхозында темір ұстасы болып ұзақ жылдар жұмыс істеп, зейнетке шықты. Анам Нәзипа Анарбаева Шорнақ ауруханасында сестра хозяйка қызметін атқарды. Бір отбасында он ағайынды жан болдық. Мен үйдің үшіншісімін. Ата-анамыз жеті ұл, үш қызды тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Анамыз Нәзипа қазір 87-ге толып, 88-ге аяқ басты. Ширақ.

 

-Жәке, қанша бала-шағаңыз бар? Өзіңіздің жолыңызды қуып, есеп саласында жүргендері бар ма?

— Әйелім Роза Тәжібаеваға 1986 жылы үйлендім. Мамандығы балабақша тәрбиешісі. Түркістандағы педагогикалық колледждің мектеп-ке дейінгі педагогика мамандығын бітірді. Шорнақта балабақша тәрбиешісі болып қызмет атқарды. Үш ұл, бір қызым бар. Данияр нотариус. Екінші ұлым Мадияр Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің социолог мамандығы бойынша бітірді. Үшінші ұлым Нұрсұлтан Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін бітірген соң, Астана қаласында «Air Аstana» компания-сында инженер-механик болып ең-бек етеді. Жақында Астана қаласы-ның 25 жылдық мерейтойы қарса-ңында «Air Аstana» компаниясы өткізген байқауда 150 үміткердің ішінен «Үздік маман» атағын жеңіп алды. Бұл ата-анасы біздер үшін үлкен қуаныш.

Қызым Жібек E.Букетов атындағы Қарағанды университетінің фармацевтика факультетінің төртінші курс студенті. Осы ұл-қыздарымнан тоғыз немерем бар.

 

— Өзіңіз осы есеп-қисап саласында қанша жыл қызмет еттіңіз?

— Жалпы көлемі жиырма жылдай есеп-қисап саласында қызмет еттім. Оның арасында асханада директор да болдым. 2013 жылы Шорнақ ауылының әкімі болып сайландым. Төрт жылдан соң денсаулығыма байланысты басқа қызметке ауыстым.

 

— Қазір не байқап жүрсіз? Көп адамдар Түркістанның рухани баюын мақсат етпей, зайырлы қоғам орнату орнына материалдық құндылықтардың соңында кетіп жатқан жоқ па?

— Біздің Түркістанда бұрыннан нарықтық қатынасқа, базар саудасына жергілікті халық әбден бейімделген. Материалдық құндылықтардың соңында кетіп, қайырымдылық, адамгершіліктен жұрдай болуы деген сирек кездеседі. Себебі, әрбір тапқан нанының қадірін біледі. Базар саудасына Тәуелсіздік алғаннан кейін кіріскен облыстарда бұл құбылыс бар екендігі көзге ұрып тұр. Менің қарнымның ашатыны мектептің өзінен миллиондаған қаражаттарды мақсатсыз ысырап ету, талан-таражға салу оқиғалары тыйылмай тұр. Әсіресе, сол мектептерде жұмысқа орналастыру үшін пара алу жайы тоқталмай келеді. Осыған ашу-ызам келеді.

 

— Сіз енді тексеру саласында, кірістер басқармасында және аудиторлық қызмет те атқардыңыз. Сыбайлас жемқорлықтан қалай арылуға болады?

— Сыбайлас жемқорлық оқиғаларын теледидардан, әлеуметтік желіден үнемі ашық көрсете берсе, біртіндеп аяғын тартатын болар деп ойлаймын.

 

— Сіз Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры қызметін де атқардыңыз. Пара беріп жұмысқа орналасудың жолын қалай қиюға болады. Мүмкін, тестілік сынақ, комиссия шешімі, жұмысқа қабылдау жайының бәрін басшының қатысуынсыз электронды жүйемен атқарған жөн болар?

— Электронды жүйені де адамдар басқаратын болғандықтан, оның да жөнін табатын шығар. Жалпы болашақ кадрды басшының өзі бетпе-бет сөйлесіп барып, жұмысқа қабылдағаннан дұрысы жоқ деп ойлаймын. Себебі, электронды жүйе арқылы жұмысқа орналасса, онда кездейсоқ жандардың балы жоғары болып, өтіп кетуі де мүмкін. Менің ойымша, жұмысқа орналасуға кімнің сауаты, білімі мен тәжірибесі сәйкес келіп, дұрыс шешім қабылдауы үшін арнайы комиссияның отырысында қаралуы керек деп ойлаймын.

Мен жақында мынадай жағдайды білдім. Мәселен, Астана университетін бітірген қызды мек-тептің директоры өзі қабылдайды. Қабылдағанда төрт есеп береді. Ал, ол қыз апыр-топыр шығарып тас-тайды. Төрт есептің төртіншісінен бастайды. Директор неге екенін сұрағанда: «Себебі, ең қиыны сол екен. Қалғандарын шығаруға уақы-тым жеткілікті»- , депті қыз бала. Шындықты айтып, жедел шешім қабылдай алатындығын байқаған үлкен мектептің директоры матема-тиканы жаңғақша шағатын маман ретінде сол бойда бұйрық шыға-рып, жас маманды ешкімнің қол-дауынсыз, тамыр-таныссыз жұмыс-қа қабылдапты. Ал, араға кісі салып, туған-туыстарды жағалап, пара ұсынып жататындардың жағдайы белгілі ғой. Олар жұмысқа орналасқан күнде де ұжымда сыйлы атанып, кәсіпорынды алға тартатын кадр болып жарытпайды.

 

— Ал, сіз Шорнақта 2013-2017 жылдары жаңа аудан ашылғанға дейін сайланбалы әкім қызметін атқарған екенсіз? Сол жылдар мен қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарды саралап көрдіңіз бе?

-2013 жылы Елбасының жарлығымен тамыз айында мәслихат депутаттары сайланды. Оларды халық сайлаған болатын. Сол кезде Түркістан қалалық мәслихатының құрамында 17 депутат болды. Солардың ішінен 14 депутаты маған дауыс берді де, қалғаны келесі үміткерге дауыс берді. Негізінен, жеті үміткер қатысқан болатынбыз.

Салыстырмалы түрде қарасам, қазіргі кезде Сауран ауданының орталығы болғаннан кейін, серпінді даму жолына түсті. Себебі, қай өңірдің болса да әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық дамуы-қаржының уақытында бөлініп, шашпашылыққа салынбай, белгіленген мақсатта игерілуі үлкен жетістіктерге жеткізеді. Қазір барлық көшелер абаттандырылды, түнде де жарық. «Сауран қызметтің» қыз-жігіттері күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Аудан орталығы кәдімгідей тазарып, жаңғырып қалды. Қазіргі Шорнақ ауылдық округінің әкімдігі көп жұмыстар жасап жатыр. Құдай бұйыртса, ауданға келген мемлекеттік қызметкерлер мен ведомстволар өздеріне арнап салынып жатқан жаңа әкімшілік ғимараттарына көшсе, онда екінші заманауи үлгідегі жаңа Шорнақ шағын ауданы лезде бой көтереді деп ойлаймын. Бұл әсіресе, жастарымызға жаңа жұмыс орындарына орналасуға жол ашып қана қоймай, өз кәсіптерін жүргізуіне жақын жерден қолдаудың бар екендігін сезінуде.

 

— Биыл Сауран ауданы үшінші жылға аяқ басты. Қай жағынан дами түскені жақсы деп ойлайсыз?

— Әрине, мен экономика және қаржы саласын алдымен айтар едім. Себебі, қаржы экономиканың тегершігі емес пе? Негізінен, Шорнақ ауылының тұрғындары мал және егін шаруашылығымен айналысады.

Әсіресе, суармалы жерлердің суы уақытында жеткізіліп, дер кезінде беріліп отырса, қалғанын шаруаның өзі реттейді.

— Жақыпбек Шәмірбекұлы әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан:

Ләззат САРЫБАЕВА.