”СПОРТ ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ” МАРАФОНЫ ӨТТІ

235

Бүгін Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесіне орай, «Спорт денсаулық кепілі» атты марафоны ауылдық округ тұрғындары арасында 3 шақырым қашықтыққа жүгіруден сайыс ұйымдастырылды. Марафонға ауданнан 800-ге тарта азамат қатысып, өз белсенділіктерін көрсетті.

Бұл спорттық шара Сауран ауданында алғаш рет өткізіліп отырғанын айта кетуіміз керек. Елмізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Аталмыш марафонға аудан әкімі Ғ.Рысбеков қатысып, жарысқа қатысушыларды алдағы келе жатқан 25 қазан Республика күнімен құттықтап, жүзден жүйріктер бәсекеде топ жаруына сәттілік тіледі.

Сонымен айтулы шарада өзгелерден озық келгендерді аудан әкімі Ғ.Рысбеков арнайы марапаттап, қаржылай сыйлықтарын табыстады. Қыздар арасында бірінші орынды Наргиза Алишерова иемденсе, жүлделі екінші, үшінші орындарды Гуллола Садикова мен Умсин Муслимова өзара бөлісті. Ал, ұлдар арасында бірінші орынды Серік Исмайлов 50 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталса, екінші орын Руслан Ташполатовқа 25 мың теңге, үшінші орын үшін Закир Аманбай 15 мың теңгеге ие болды. Бұдан бөлек, бір топ жарысқа қатысушыларға алғыс хаттармен медальдар табысталды.

«Салауатты өмір сүру дегеніміз — тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану». Бала тәрбиесіне қазақ халқы ерте кезден көңіл бөліп, баланың ақыл — ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп отырған. Осыған дәлел қазақтың спорттық ойындары. Жас кезінен бастап балаларға дұрыс тәрбие беріп, асық атып, атқа мініп, теңге іліп, бәйгеге шауып, күреске түсіп өскен балалар шымыр да шыныққан, епті де икемді болғанын білеміз. Қазіргі уақытты өткен кезеңмен салыстыра алмайсың. Себебі, уақыт өте көптеген өзгерістер өмірге енді. Тіпті, бала тәрбиесіне жаңаша көз қараспен қараймыз. Қазіргі таңдағы қоғамдағы жат қылықтар жастарға кері әсерін тигізуде. Жастар арасындағы темекі, ішімдікке еліктеушілік, тіпті нашақұмарлық та дендеп бара жатқандай. Қазіргі ғаламдық жаңару кезінде компьютерге тәуелділік мәселесі де қосылып отыр. Қызығушылықпен істеген әрекеттің соңы немен тынарын да түсінбей істеп, опық жеуі мүмкін. Демек, қазақ халқы «тәрбие басы — тал бесік», — деп бекер айтпаса керек. Жат қылықтарға қарсы тәрбиені отбасы ошақ қасынан бастаған жөн.

Салауатты өмір салтын қалыптаструда дене тәрбиесінің маңызы зор. Жастарды болашақтың тірегі болатын, денсаулығы мықты азамат ретінде қалыптастыру керек. Елбасымыз қазіргі жастардың болашағына зор сеніммен қарап, үміт артады. Яғни, дені сау, білімді, білікті, жан-жақты қалыптасқан болашақ жастарды елестетеді. Елбасымыздың қолдауымен 2003 жыл — денсаулық жылы болып жарияланғаны белгілі, расында да бүгінгі таңда еліміздің ақсақалдарынан кішкентай баласына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруі біздерді қуантып отыр.

Спорт — қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі, адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеметтік қызметтің бір саласы. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Денесі жақсы дамыған деп күн режиміне спортпен жүйелі айналысуды енгізген, ағзаның шынығуы үшін табиғи факторларды тұрақты пайдаланатын, жұмысты белсенді демалыс пен ауыстырып отыратын жас адамды айтамыз. Бір сөзбен айтқанда, спорт — барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түп қазығы — қозғалыс, ал қозғалыссыз тіршілік жоқ. Спорт сөзінің мағынасы кең. Дене тәрбиесі соның құрамдас бөлігі, дәлірек айтқанда бастапқы баспалдағы. Онымен тұрақты шұғылданған адамның денсаулығы мықты, зор болмақ. Бірінші байлық — денсаулық, ал сол денсаулықтың кепілі — спорт.