Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Болысбек Шәріпбек: ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ – МОЛ ҚАРЖЫ КӨЗІ

410

Қазіргі таңда ауданымыздың негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлік және туризм саласы болып табылады. Әр қаланың, ауылдың, кез-келген елді-мекеннің тіршілік көзі орта және шағын бизнеске негізделген. Соның арқасында тұрғындар тұрақты табыс тауып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Кәсіпкерлік және туризм саласында жетістіктер жоқ емес. Алайда, атқарылатын жұмыстар одан да ауқымды.

Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында 2022 жылдың қаңтар-маусым айында 3 млрд 628,6 млн. теңгенiң өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 83,5% құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 2 млрд 398,7 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 74,1 пайызға жеткен.

Басты мақсат – кәсіпкерлікті қолдау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында диверсификация мен технологияға негізделген экономика құру жай қажеттілік қана емес, бұдан басқа дамудың жолы жоқ екенін атап өтті.

Үдемелі индустриялық –инновациялық даму бағдарламасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» құны 9422,0 млн теңгені құрайтын 5 жоба енгiзiлген. Осы кәсіпорындарда 218 жұмыс орнын ашу көзделген. Осыдан 2010-2021 жылдар аралығында құны 889,0 млн. теңгенi құрайтын 4 жоба iске қосылып, 164 жұмыс орны ашылды. Өндiрiлген өнiм көлемi 121,0 млн. теңгені құрап, жалпы өнеркәсiп өнiм көлемiндегi үлесi 3,3 пайызды құрады.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді.

Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауданымыздағы шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 5196 субъектінің 5136-ы белсендi жұмыс істеп, 98,8%-ды құрады.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында осал топтағы немесе көпбалалы азаматтарға және 29 жасқа дейінгі жастарға грант беріліп келеді. Ол үшін «Бизнес бастау» сертификаты және бизнес-идеясы болуы керек.

Бұған қоса 2022 жылдан бастап аталған бағдарлама аясында берілетін грант мөлшері 1225200,0 теңгеге дейін ұлғайды.

Мәселен, 2022 жылдың 6 айында осы бағдарлама арқылы бірде-бір кәсіпкер грант алмаған. Себебі соңғы 3 жылда сертификат алғанымен, грантқа қатысуға критерилері сәйкес келмеуде.

Үстіміздегі жылы аталған грантты ауданымызда 173 адамға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 100 грант 29 жасқа дейінгі жастарға, ал 73 грант 30 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі.

Кәсіпкерлерді аз пайызбен несиелендіру бойынша қаңтар-маусым айларында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 адам 15,0 млн.теңге, «Оңтүстік» микро қаржы ұйымынан 8 адам 660,3 млн. теңге және «ЫРЫС» микроқаржы ұйымынан 60 адам 250,0 млн.теңге несие алған.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін, мемлекеттік бағдарламаларын түсіндіру мақсатында аудан әкімінің іс-шара жоспары бекітілген. Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі және өңірлік «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасымен 12 ауылдық округтерді аралап ауданымызда кәсіпкер болуға ниетті немесе кәсіпкерлерге, бизнес үшін маңызды қаржылай қолдау болып табылатын «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы 2025», шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары бойынша түсіндірілген болатын.

Бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін кәсіпкерлерге арнайы бағыт-бағдар беріп отыратын «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы құрылған. Онда кәсіпкерлерге қаржы ұйымына дейін кеңестер беріп, жобаларды сүйемелдеу қызметі атқарылады.

2022 жылдың 15-17 маусымы аралығында Алматы қаласында «Атакент» көрме орталығында Ресей Федерациясының және жақын елдердің жиһаз өндірушілері және жиһаз саласында жұмыс жасайтын кәсіпорындардың қатысуымен көрме өтті. Аталған көрмеге Сауран ауданынан «SEM BRAND» ЖК, «DIVALUX ЖШС» жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпорындарымыз қатысып, өз өнімдерін ұсынған болатын.

Сондай-ақ, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен облыс орталығында орналасқан «Керуен сарай» туристік кешенінде Қазақстанның үздік тауары өңірлік көрме-байқауы болып өтті. Сауран ауданынан «Хабибулла-Ата», «SEM BRAND» ЖК, «DIVALUX ЖШС» жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпорындарымыз қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Сауран ауданының екі бірдей жиһаз өнеркәсібі үлкен нәтижеге қол жеткізіп, үздіктердің қатарынан табылды.

«Қазақстанның үздік тауары» «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз «SEM BRAND» ЖК, «Қазақстанның үздік тауары» «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз «Хабибулла-Ата» ЖК марапатталды.

Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес ауданымызға 2022 жылға негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 22,3 млрд теңге болып бекітіліп, нысаналы индикаторлар белгіленген.

2022 жылдың 6 айының қорытындысымен аталған жоспар 148,7 пайызға немесе 7,6 млрд теңгеге орындалды.

Оның ішінде жаңадан ашылып жатқан мектеп, балабақша, спорт кешендері, дүкендер және де т.б құрылыс нысандарының есебінен 4 млрд 449,2 млн. теңгеге ауданы-мызға инвестиция тартылды.

Ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі сауда-саттық қызметі. Мәселен, есепті мерзімде бөлшек сауда көрсеткіші 495,9 млн. теңгеге, яғни 100,2 пайызға орындалды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша да бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттің бақылауындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің 11 қазан 2021 жылғы № 1-78 хаттамалық тапсырмасының 3 тармағына сәйкес, аудан әкімінің 02.11.2021 жылғы № 36 н/қ өкімі негізінде жұмысшы топ құрылып, бірқатар азық-түлік дүкендері мен супермаркет иелеріне бағаларды және келісім-шарттарды реттеу қажеттілігі жөнінде жазбаша нұсқамалар берілді. Сауран ауданы әкімдігінің «кәсіпкерлік және туризм» бөлімі тарапынан азық-түлік тауарлардың бағаларына тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді.

Сауран ауданының экономикалық әлеуетін дамытудың негізгі бағыты ретінде туристік кластерді құрып және дамыту көзделуде. Сау-ран ауданына 2022 жылдың 6 айында келген туристер көрсеткіші 41 446 адам. Оның ішінде:

— Сауран қалашығы – 5330;

— Үкаша ата кесенесі– 33517;

— Жылаған ата – 1000;

— Жүсіп ата кесенесі – 1449;

— Имам Мархозы – 150;

Сауран ауданы туристік әлеуеті мен мүмкіндіктерін көпшілікке жеткізу, көне шаһардың тарихи маңызын насихаттау бағытында да кешенді шаралар атқарылуда.

Сауран ауданын туризм орталығына айналдырудағы мақсат- туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларын дамыту, инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр.

2022 жылы 20-22 сәуір аралығында Алматы қаласында Халықаралық KITF Туризм форумы болып өтті. Форумға Саудан ауданынан өкілдер қатысып, арнайы сертификаттармен марапатталды.

Түркістан облысы Туризм басқармасының туристік ақпараттық орталықтың тапсырысымен «TOURISM KZ» телеарнасы «Туризм додасы» реалити шоуының халықаралық нұсқасын жүзеге асырды. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты туризм додасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан мемлекеттерінің өнер майталмандары қатысқан болатын. Жобаға қатысушылар 2022 жылы 9 сәуір күні Ескі Сауран қалашығына зиярат еткен болатын.

Туризм саласындағы туристік нысандарды көбейту бойынша да бірқатар істер атқарылуда. Келген туристерді орналастыру орындарымен қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі дәрежедегі қонақ үйлер, хостел және тағыда басқа нысандарды көптеп ашу үшін кәсіпкерлерге туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды. Оның ішінде туристік нысандарды салу және реконструкциялау 10%, жол бойындағы сервис объектілерін салу 10%, туристік кластағы көлік құралдарын сатып алу 25%, тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу 25% көтеріледі. Санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға 83300 теңге, әрбір шетелдік турист үшін 15000 теңге жұмсау көзделеді.

2022 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландыруымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК тарапынан Ескі Сауран қалашығының басынан «Сапар орталығы» құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ үстіміздегі жылы Ораңғай ауылдық округінде жеке кәсіпкер тарапынан, жобалық құны 2 млрд 200,0 млн теңгені құрайтын қонақ үй құрылысы басталды.

Ескі Иқан ауылдық округінде жоба құны 50,0 млн.теңгені құрайтын Жүсіп ата кесенесінде «Сапар» орталығы мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Айта кетерлігі бұл орталық ауданымыздағы жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен бой көтеруде.

Аталған орталық ағымдағы жылдың қыркүйек айында ашылуы жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Бабайқорған ауылдық округінде жоба құны 50,0 млн теңге құрайтын демалыс аймағы салынып жатыр. Бүгінгі таңда құрылыстың 60% аяқталды.

Мұның барлығы айтуға оңай болғанымен қыруар ұйымдастыру шараларын қажет етеді. Басты мақсатымыз – Сауран өңіріне туристерді көптеп тартатындай көрікті ету. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын да көтеру көзделуде.