ШОРНАҚ МАҢЫНДАҒЫ ЕЛДІ-МЕКЕНДЕР АТАУЛАРЫНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ

335

Ал, Ә.Әбіласан өзінің «Түмен аңыз Түркістан» атты еңбегінде «Шор-түрк тайпасы» деп анықтайды. Бұл құлаққа кіретін тұжырым екендігіне төменде көз жеткіземіз. Белгілі жазушы Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай «Ана тілі» газетінде жариялаған «Нақ» тек ғана жұрнақ па?» деген мақаласында «Шор аталатын түркі тайпалары осы күні де өмір сүріп келеді. Қазақ қоңыраттарының ішіндегі божбан руының құрамында да Қарашор деген ата бар. Шорнақ атауына бұлардың бірінің қатысы болмауы мүмкін бе? – дей отырып, «Қалай десек те Шорнақ, Мойнақ, Қарнақ, Иуғнақ, (Жүйнек) «Шобанақ» топонимдері Суғнақ (Сығанақ) атауымен қарайлас дүниеге келгеніне көзіміз жетеді», – деп қорытындылайды. Ал, мақаланың бас жағында жоғарыдағы топонимдерде кездесетін «-нақ» жұрнағының төркіні ежелгі түркі тіліндегі «ынағ» сөзінде жатыр деп топшылай аламыз. Бұдан біз Суғнақ (Сығанақ) қаласы алғаш рет әскери бекініс ретінде іргесін қалаған Оғыз (түркі) шаһары екендігіне анық көз жеткізе түсеміз», – деп қорытынды жасайды. Қарнақтың, Қарашықтың, Теке мен Шойдың, Байылдыр, Қырқыз, Чавулдур (Шәуілдір) мен Сорқылардың Оғыз тайпалары екендігін жоғарыда дәлелдегенбіз.

Ал, қазаққа келсек Арғынның Қаракесегінен де «Шор» деген ру тарайды. Жалпы, «Арғын, Қара хасаг (кесек), шор атауларының түбірі ежелгі заманға барады. Сонымен бірге, Алтай тауының солтүстік өңірін мекендейтін аз халық Шор деп аталады, жалпы саны 16 мың 572 адам. Олардың тілі Хакас тілінің бір диалектісі. Түркі тілдері Батыс ғұн және Шығыс ғұн тілдері деп бөлінеді. Шор тілі Шығыс ғұн тілдерінің Қыр-оғыз тобына енеді, осы топтың Хакас тілдер тобына Хакас, шор, камасин, чулым, алтай, сары ұйғыр тілдері енеді. Қыр оғыздар біздің жерімізге сонау ғұн заманында-ақ (б.з.д. ІІІ ғасыр мен б.з.V ғ. аралығы) көшіп ғана бастаған, әсіресе б.з. I-IV ғғ. арасындағы халықтардың ұлы көшкіні кезінде шығыстан көп халық біздің территорияға қоныстанып ғана қойған жоқ, олар одан әрі батысқа қарай да жылжығанын Украина, Молдавия, Румыниядағы Чорна, Чага, Яссы, Сауран және т.б. этнотопонимдер мен топонимдер куә.

Енді тарихқа үңілсек біз өмір сүріп отырған аймақ (Қызылорда, Түркістан облыстары) ерте орта ғасырларда Оғыз мемлекетінің нағыз орталығы болған жер екендігін көреміз. Бұл жайлы Әбіш Кекілбаев «Түркістан сөйтіп соңғы бір жарым мың жыл бойы теріскей Еуроазиядағы саяси- идеологиялық метаморфозалардың (толық өзгерістердің) шет аймағына емес, кіндік өрісіне айналды. Оған бұл атырапта түркі нәсілінің қалыптасуы мен мұсылман дінінің көшпенді қауымдар мен далалық аймақтарға тарауына еткен жетекші ықпалы себепші болды. (Оғыз мемлекеті VIII-XII ғғ. өмір сүрді). Түркістанның мұндай маңыз иемденуі, негізінен Оғыз мемлекетінің күшеюіне, тығыз байланысты болды… Мехмед Нешридің баяндауынша Оғыз хан жақтастарымен Түркістанға келіп, Иасы деген жерге бекінген… Оғыз хан Түркістан атырабын алғаннан кейін түпкілікті жеңіске жете бастайды. Расына да, Салжұқ Султан Орта Азиядағы Оғыз мемлекетінің отын сөндірді, бірақ оның шоғы жан-жаққа шашырай бастайды… Салжұқтар (Салжұқ сұлтанға еріп батысқа жылжыған оғыздар) енді Таяу Шығысқа тарай бастады. Бағдаттан бастап Таяу шығыс пен Кіші Азияда үстемдікке жеткен олар Шығыс Еуропа елдеріне ауыз салып, Румды (Византия) алып Осман империясын орнатады… Сөйтіп, Алтайдан бастап Балқанға дейін созылатын түркілер елінің атын әлемге жайған ежелгі Қарашық (Иасы), қазіргі Түркістан маңынан жан-жаққа тараған оғыздар болды… Оғыздар (қазіргі түркімен, әзірбайжан, түрік т.б халықтардың тікелей ата-бабалары) екі тарихи процеске бастамашылық етті. Олар теріскей (батыс) Еуроазияның едәуір бөлігінің түркіленуінің және мұсылмандануының тездетушісі болды. Бұл процестердің өрбіген кіндігі Оғыздардың рухани астанасы болған қазіргі Түркістан атырабы еді», – деп жазады.

Мағжан ақын айтқандай, осы өткен 1000 жыл (V-XV ғғ.) бойы «Түркістан Ер Түріктің бесігі» болды. Қазіргі түрік ағайындары Тахсин Парлак, Нақыш Қарамағаралы, Асылхан Ергүдер бірігіп жазған «Ахилік есігінде. Ахлат қаймақамлығы және Беледиүе басқанлығы «Селжұқлы серамик, шыны және таки атөлүелеріэти» атты жинақта №1 таблицамен «Оғыздардың Көк –Алып Ханнан соңғы шежіресі (көнетім системлері)» берілген, толық келтірейік:

Өткен таблицада Байындұр ханды бірде «Оғыз» деп екінші жерде «Оғыз тарифесі» деп береді де келесі таблицада «Байылдыр». Оғыз тайпасы» деп келтіреді, яғни Байындұр мен Байылдыр екі бөлек деп түсінуіміз керек. Бізде Байылдыр елді-мекені бар. Таблицада «2003 жылы Сыр бойында анықталған Оғыз мекендері мен Қорған қалдықтары (Ақ Қорғандар жүйесі, шежіресі (системасы) делінген бұл система Селжұқтарға ілесіп (бірлікте) Ахлатқа келіп жерленген Ахилік жүйенің (шежіре) темелін ауыстырады» деп аталады. Мұндағы «Ахлат» жер аты, мұнда түрік сұлтандары (салжұқтар) жерленген үлкен мазарат бар. Тахсин Парлак Сыр бойын зерттеп жүріп осындағы елді-мекендердің барлығы дерлік Оғыз мемлекетімен, оның халықтарымен тығыз байланысты екендігін көріп өздеріндегі Оғыз шежіресімен салыстырады:

Енді Тыс оғыздар қалай бөлінетініне үңілейік:

Көріп отырғанымыздай Тысқы (сыртқы, қырдағы, даладағы) оғыздардың алғашқы ханы Орауаз хан болған. Халқы Оғ-Өз деп аталған, астанасы Қыр Өз-кент болған (Балтакөл көлінен сол-шығысқа қарай 20 км жерде). Халқы Үш Оқтар, Қыпшақтар деп бөлінген, олар Ақ қыр, Ақ қорған, Ақ жол топтарына бөлінген. Ақ қырға-Гез ақ, Қырғыз, Қара қырғыздар енген, Ақ жолға – Үш оқтар, Қыпшақтар, Оқшылар, Салшылар, Керуеншілер енген. Ал, Аққорған тобына жататындар – Қарын-ақ, Сөз-ақ (Созақ болуы керек), Сыған-ақ (Сун-ақ), Шобан-ақ, Шорн-ақ, Әлім-ақ рулары немесе тайпалары, яғни, «нақ» деп жүргендеріміз «ақ» деп оқылуы тиіс болып шықты. Мұның қаншама шындыққа жақын екендігін болашақ көрсетер, дегенмен «Шобан» деген халық жайлы тарихи деректер жеткілікті. С.Мұқанов бір еңбегінде «Қазақ, Созақ екеуі туыс екі халық» дегені бар. Созақ атауының Қырғыз елінде де (облыс) бар екендігі белгілі, яғни, бұл да этнотопоним (халық атауы) болуы әбден мүмкін, бұған Ақ-қыр тобындағы «Қыр-гез, Қара қыр-гез» халықтарының қырғыз бен қара қырғыздар екендігін қоссақ Қырғызстандағы Созақтың қалай пайда болғанын байқаймыз.

Ақ жол тобындағы Қыпшақтар, Оқшылар дегендеріміз түсінікті (Қызылорда облысы, Сұлутөбе маңындағы Сары қыпшақтар, Қара қыпшақтар және Оқшы ата, Оқсыз төбе ал, Үш оқтар, Салшылар, Керуеншілер дегендер жайлы дерегіміз жоқ. Бұрын ауданымызда орналасқан Байылдыр, Қырқыз, Қарнақ, Қарашық, Оран-Қай, Теке, Шойтөбе, Сортөбе ескерткіштерін Оғызнамеде кездесетін тайпалар (рулар?) атымен байланыстырсақ, жаңа деректер оларға Тыс оғыздардың (сырт оғыз, қыр-оғыз) Ақ қорған тобына енетін Қарын-ақ, Соз-ақ, Сыған-ақ (Сунақ), Шобан-ақ, Шорн-ақ, Әлім-ақ сияқты ру немесе тайпа атынан шыққан этнотопонимдерді қосып отыр. Мейлі, Шор-нақ бола ма, Шорн-ақ бола ма, қалай айтылса да, жазылса да түбіріндегі «шор» деген сөз ел-жұрт атауы екендігі даусыз. Халқымызда кездесетін Шора (батыр), Шорман (би) есімдері де ежелгі заманғы «шор» халқының атауынан жеткен жаңғырық болуы мүмкін. Сонымен, ежелгі заманғы Шорнақ қаласы қазіргі Шорнақ пен Қаратөбе-Сауран ортасына орналасқан және б.з.д. І-ші ғасырдан б.з. V-VІ ғасырлары арасында өмір сүрген, ал, Түркілер (VІ-VІІІ ғғ.) заманында қазіргі Шорнаққа көшіп-қонған. Жергілікті тұрғындар совхоздың гаражы астында бір төбешік болғандығын айтады, қазір тегістеліп кеткен.

М.ТҰЯҚБАЕВ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК тарих ғылымдарының кандидаты, археолог-тарихшы