МЕЙІРІМ ШУАҒЫНА БӨЛЕГЕН МӘУЛІТ

271

Түркістан қаласындағы Фараб әмбебап кітапханасының үлкен залында «Шапағатшым бір өзіңсің, Мұхаммед с.а.у» атты Мәуліт мерекесіне орай тағылымды іс-шара өтті. Түркістан қаласының бас имамы М.Джумадуллаев бастаған дін өкілдерінің ұйымдастыруымен және қалалық мәслихат депутаттарының демеушілігімен өткен рухани кешке арнайы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы, қалалық мәслихат депутаттары Ғалымжан Батырханұлы, Ардақ Үсенұлы, Аналар алқасының төрайымы Ұлжан Әбенқызы мен қалалық саяси кеңестің мүшесі Бақдәулет Тұрманов және қала тұрғындары қатысты.

Айтулы жиын екі дүниенің сардары атанған асыл Пайғамбар рухына Құран бағыштаудан басталып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылды.

Жиын барысында бейнеролик көрсетіліп, ҚМДБ Түркістан облысы, Түркістан қаласы имамдарының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарының бір бөлігі баяндалды. Ал айтыс ақтаңгері, «алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков бастаған ақындар қасиетті күнге арнап жыр шумақтарын арнады.

Сонымен қатар, Р.Сейтметов атындағы сазды драма театр әртістері «Қырсық келін» атты көрермендерге тәрбиелік мәні зор қойылым ұсынып, қазіргі замандағы күрмеуі көп мәселелерді бейнелей отыра жиналғандарға керемет әсер сыйлады. Одан бөлек сахабалар дәуірі мен олардың өнегелі өмірінен алынған «Хазіреті Омар» атты қойылымды сахналады. Аталған іс-шарада кеш қонағы ретінде еліміздің эстрада жұлдыздары да өз үлесін қосты. Атап айтсақ, әнші, «Жігіттер» квартетінің мүшесі Айдар Тұрғанбек «Пайғамбарды сағындым», «Менің анам» әндерін орындап, халықтың ықыласына ие болды. Әнші Бақытжан Мұстафаев та «Раббым Алла», «Сағындым анамды» атты есті әндер арқылы көпшіліктің көңіліне шуақ ұялатты.

Рухани кеште сөз тізгінін ұстаған қаламыздың бас имамы әрі іс-шара ұйымдастырушысы Мұхамеджан Ергешбайұлы Мәуліт мерекесі қарсаңында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасының аясында тағдырдың сынағына ұшыраған жандарға және көпбалалы отбасыларға 6 баспана берілетінін сүйіншіледі. Жақсылыққа жаны құштар, жомарт жандардың арқасында берілген баспана кілтін жоғарыда аталған қонақтар алты отбасыға табыстаса, су жаңа баспанаға мәслихат хатшысы М.Таңғатаровтың демеушілігімен тұрмыстық заттар сыйға тартылды. Кештің басты ұйымдастырушысы Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлының алдағы уақытта мұндай игі бастамалар өз жалғасын табатынына сенім білдіріп, жыл соңына дейін тағы бір пәтердің кілтін табыстау жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар түркістандықтарды Мәуліт мерекесімен құттықтап, қаланың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлына шапан жауып, игі іске мұрындық болып отырған жандарға алғыстарын жеткізді. Айта кетейік, қалалық мәслихат депутаттарының ұйытқы болуымен өткен қасиетті мерекеге бұл жолы мәслихат депутаты Ардақ Үсенұлы демеушілік жасады. Өз сөзінде Ардақ Үсенұлы жерлестерді Мәуліт мерекесі-мен құттықтай келе, жыл сайын жалғасып отыратын игі іс-шараның кезегін қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Батырханұлына табыстады.

Жұртшылықтың жүрегін елжірететін, мейірім шуағына бөлеген Мәуліт мерекесінің соңы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетовтың ақ батасымен аяқталды.