«ТҮРКІСТАНЫМ – ЖЫР-ӘНІМ»

377

Қолына қалам алып, қағазға көңіл шерімен қоса қоғам дертін де түсіріп жүрген түркістандық ақын Санжар Ғұламаның есімі көпшілікке жақсы таныс. Ақын Санжар өзінің алғашқы өлеңін 3-сыныпта жазған екен. Содан бері ол үнемі ізденумен келеді, үнемі өзін-өзі жетілдірумен келеді. Жас ақын аударма саласында да өнімді еңбек етіп жүр. Оның аудармалары «Тылсым дүние қасиеті» деген атпен жеке кітап болып шыққан.

Жақында Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Түркістан облыстық  филиалының ұйымдастыруымен жас ақын Санжар Ғұламаның «ТҮРКІСТАНЫМ – ЖЫР-ӘНІМ» атты шығармашылық кеші өтті.

Іс-шарада жас ақынның «Үзілмеші үмітім» атты кезекті жыр жинағының тұсауы кесілді. Кешке Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы, облыстық Жазушылар одағының төрағасы Айдар Сейдазым арнайы қатысып, жас ақынға ізгі тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ, ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова, ақын Алтыншаш Жақиянова мен Асыл Арыстанбек және композитор-әнші Жанар Болатбекова кеш қонағы болды.

Құдіретті поэзия төрге шыққан кеште облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Асылбек Таңатаров Санжар Ғұламаны жаңа жинағының жарық көруімен құттықтап, арнайы сый-сияпаттарын табыс етті.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

«Ońtústik Qazaqstan».