МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ — ТАЛАПҚА САЙ

229

Бүгінде ұлттық құндылығымыз — баға жетпес адам өмірін сақтауда, сондай-ақ әрбір жанның қоғамның белсенді мүшесі болып табыла білуінде медицина қызметкерлерінің атқаратын істерінің маңызы зор. Медицина қызметкерлері күні елімізде жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде аталып өтіледі. Әлемде дәрігерден асқан құрметті де жауапты мамандық жоқ. Біздің әрқайсымыз өмір мен денсаулықтан, жақын туғандарымыздың өмірі мен денсаулығынан артық құндылық жоқ екенін түсінеміз. Дәл осы баға жетпес құндылықты сақтап қалуға негізделетін аса жоғары жауапкершілік медицина қызметкерлеріне жүктеледі.

Қасиетті шаһар облыс орталығы болғалы бері медицина саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқандығы баршаға аян. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі қарсаңында Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Берікұлы Тасырбаевқа арнайы барып жолығып, медицина саласындағы атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық. Мемлекет басшысы халыққа көрсетілетін дәрігерлік қызметтің сапасына әрдайым көңіл бөліп, сала қызметкерлеріне жауапкершілікпен жұмыс атқару қажеттігін тапсырса, тұрғындардың медицина қызметкерлеріне деген талап-талғамы да жоғары болып отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ел Үкіметінің, қала басшылығының денсаулық сақтау саласына деген ықыласының бұрынғыдан да жақсара түскенін байқап келеміз.

Сонымен Райымбек Берікұлының мәлімдеуінше қала аумағындағы тұрғындар арасында жұқпалы ауруларды төмендету, халықтың санитарлық — эпидемиологиялық салауаттылығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында күш салып келеді. «Денсаулық» бағдарламасын орындау мақсатында жылдық жоспары жасалынып, көтеру мүмкіндігі пайда болған. Бүгінгі таңда олардың ішіндегі үздіктері медицина ғылымы мен тәжірибесінің соңғы жетістіктерін өз қызметтерінде пайдаланып келеді. Халыққа бастапқы дәрігерлік — санитарлық, консультациялық — диагностикалық, жедел және шұғыл көмек, стационарлық көмек көрсету түрлерін қамтиды, оның ішінде адам ағзасына қарсы профилактикалық емдер мен салауатты өмір салтын қалыптастыру іс шаралары енгізілген.

Түркістан қалалық емханасына қарасты азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруда қалада 8 емдеу мекемелері жұмыс істейді. Оның ішінде отбасылық денсаулық орталықтары — 7, Бірлік дәрігерлік емханасы — 1. Түркістан аумағы туылу деңгейі жоғары, тұрғындар тығыз орналасқан аймаққа жатады. Қала халқы 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін мәлімет бойынша — 191314 адамды құрайды. Түркістан қалалық емханасында — 232 дәрігер, 687 орта медицина қызметкерлері қызмет атқарады. Дәрігерлердің 38-і жоғары санатты, 57-і бірінші санатты, 18-і екінші санатты. Орта буын мейіргерлердің 246-ы жоғары санатты, 63-і бірінші санатты, 12-сі екінші санатты екен.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше назар аударуда және соңғы жылдардың басты оқиғаларының бірі 2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы. Бұл мемлекеттік бағдарлама денсаулық сақтау саласын жаңартуға жаңа бағыттар ашты, келешектегі бірінші кезекті мақсаттар мен міндеттерді анықтайды. Қалалық емханада 2021 жылы «Жастар орталығы», «Психикалық денсаулық орталықтары» іске қосылып, қазіргі уақытта өз жұмыстарын жүргізіп келеді.

Биыл жақын күндері Түркістан облысы бойынша алғашқы рет «Профилактика және психоәлеуметтік көмек көрсету» орталығы ашылғалы отыр. Орталық мақсаты — Созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасы (ПУЗ) науқастарға бақылау жасау, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану бойынша жұмыстар жүргізеді. Орталықта «Бала дамуын бақылау», «Әмбебап-прогрессивті модель» кабинеті жұмыс жасайды.

Бастапқы медициналық – санитарлық көмек көрсету ұйымдары қажетті медициналық құрал жабдықтармен (Ультрадыбысты диагностикалық жүйе, фетальды монитор, кең жолақты секторлық датчик, авторефкератометр, компютерлі «Периком» периграф құралы, автоматты биохимиялық анализатор, тіс емдеу қондырғысы, санды флюографиялық аппарат, жүрек соғысын тексеретін тредмил жүйесі, электрокардиограф) және қажетті санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілген. Сovid-19 бен ауырып жазылған науқастарға реабилитациялық орталығы жұмыс жасайды. Қажетті дәрі-дәрмекпен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Онкологиялық паталогия ауруларынан ауру мен өлу деңгейі басты проблемалардың бірі, ол аурулардың ерте сатысында анықтау және толық медициналық емдеуге тікелей байланысты. Сондықтан да денсаулық сақтау жүйесінің күшін алдын алу диагностикасына, қазіргі тиімді көмек көрсету мен реабилитацияға байланысты болып отыр. Басты назар дер кезінде онкологиялық паталогия ауруларын, әсіресе визуалды орналасқан мүшелердің асқынған түрлерін болдырмауға бағытталса, ол көп шығынды қажет етпейді, бірақ жоғары тиімділігімен ерекшеленеді. Осы бағытта қалада жыл сайын тұрғындарды жас ерекшеліктеріне қарай, профилактикалық медициналық тексеруден өткізуде. Емхана әйелдердің сүт безі ауруы диагностикасының қазіргі кездегі маммограф аппаратымен жабдықталған. Бүгінгі таңда сүт безі рагінің кеш сатыда анықталуы кеміді. Жатыр мойны рагі тек І-ІІ сатыларында анықталып отыр.

Райымбек Берікұлы жоғарыда көрсетілген мәлімет-терді баяндай келе, қай уақытта болмасын жаңа бастама-ның бірден жолға түсіп кетуі оңай шаруа емес екенін, ол үшін медицина қызметкерлері ғана емес, жалпы жұртшылықтан да ортақ түсінік болуды талап ететінін мәлім етті. Ендеше, осы жаңа басталып жатқан істің өз ретін тауып, бір арнаға түсуіне бәрімізде мүдделі болуға тиіспіз. Сонда ғана ортақ жұмыс өрге басады. Жалпы, алғанда қалада халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасының жақсарғанын емделушілердің өздері күн сайын сезініп жатқанын байқаймыз.

Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Бұл күн құрметпен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Олай болса, барлық медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт, еңбекте табыс, төзімділік пен күш қайрат және отбасыларына береке тілейміз.