ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР ТҮРКИЯДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

239

Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №28 мектеп-лицейінің оқушылары Түркияның Анталия қаласынан жеңіспен оралды. «XIV INTERNATIONAL OLYMPIAD IN ANTALYA» деп аталатын Халықаралық олимпиада 2009 жылдан бері мектеп оқушыларының арасында жаратылыстану бағытындағы пәндерден өтіп келе жатқан білім жарысы. Доданың басты мақсаты – үздік білім мен тәжірибе, шынайы дарын иелерін тану және табысқа жету жолына серпін беру.

Осы жылы қатысушылар саны да айтарлықтай көп болған. Шаһардағы №28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Нысанқұлова мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Абайқызының жетекшілігімен барған оқушылар өздерінің шын жүйрік екендіктерін көрсете білді.

“Байқау қорытындысы бойынша

6-сынып оқушылары Сымбат Смайлова мен Альтайыр Нариманов орыс тілі пәні бойынша жүлделі 1 және 3-орындарды қанжығасына байлады. Ағылшын тілі пәні бойынша 6-сынып оқушысы Жанасыл Жандосұлы 2-орынға лайық деп танылды. Жүзден жүйрік шыққан 9-сынып оқушысы Абдуәлім Даулеталин «Мистер Олимпиада» номинациясына ие болды. Ал, география пәнінен командалық жарыста жүлделі 1-орынды жеңіп алды”,- деді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы.

Жарысқа Халықаралық қазылар алқасы бағасын беріп, кіл мықтылар мен шын дарын иелерін анықтады. Жарысқа 5 мемлекеттен 56 мектеп оқушылары өзара бәсекеге түсті. Сонымен қатар, осы білім жарысын ұйымдастырушы тараппен байланысты нығайту мақсатында Ләззат Жаналықызы арнаулы меморондумға қол қойылғанын қуанышты түрде жеткізді.

Айта кетейік аталған білім ордасында 1500-ге жуық оқушы бар. Білім ошағында үздік ұстаздар ұжымы топтасып қана қоймай, облыста, тіпті республика көлеміндегі білім бәсекелерінде үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мектеп оқушылары да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерді бағындыруда.