МЕМЛЕКЕТ ЖАЛДАУ АҚЫСЫН СУБСИДИЯЛАЙДЫ

253

Мемлекет тарапынан халықты тұрғын үймен қамтуда елімізде түрлі бастамалар жүзеге асып отыр. Игі жобалардың арқасында жыл сайын қаншама баспанасыз жүрген азаматтар қоныс тойын тойлауда. Ал, пәтерлі болудың әрекетінде жүріп, өздері жалдамалы үйді паналап отырған халықтың жағдайын да мемлекет ұмыт қалдырған жоқ. Жалдау төлемінің тең жартысына субсидия қаралып, бұл өз баспанасына қол жеткізгенше демеу болып отыр. Шымкент қаласында осы бағдарламамен 572 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп жатыр екен. Ол үшін қалалық Amanat партиясының ғимаратында «Отбасы Банктің» кеңес алу орны ашылып, мамандар күнделікті тұрғындарға бағыт-бағдар береді. Аталған бағдарламаның жүзеге асуы, тұрғындардың пікірі және атқарылған жұмыстардың барысымен таныстық.

Жалдау төлемінен үміттілер көп

Кеңес алу орталығына күнделікті 30-ға жуық қала тұрғыны мамандардан кеңес алып қана қоймай, жалдау ақысын субсидиялауға өтінім береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан бағдарлама жекелеген азаматтардың түйіткілді мәселесінің шешілуіне оң әсерін беруде. «Отбасы банк» кеңсесінің аға-кеңесшісі Индира Мамыртаеваның айтуынша, кеңес сұрап келушілердің басым бөлігі көпбалалы отбасылар.

 

– Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған І-ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар қатыса алады. Баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 40 567 теңгеден аспауы тиіс. Сонымен бірге, үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы керек. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады. Субсидия алуға өтінімдер пәтер иесінің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦК) көмегімен otbasy­bank.kz сайтында онлайн алады. Ол үшін үйдің иесі төлемдерді алуға арналған өтінім мен дербес деректерді жинауға, өңдеуге келісім беруі керек. Және, ЭЦК көмегімен қол қою тиіс. Жүйе деректерді қайта тексеріп, үміткердің субсидия алуға берген өтінімін мақұлдайды,- дейді аға-кеңесші.
Мұнда келушілер арасында үй кезегіне тіркелмегендер де бар. Кейде керісінше, үй кезегіне тіркелгенімен жалдап отырған үйінің тең жартысын субсидиялауда белгіленген ережеге сәйкес келмейтін жағдай да орын алады екен. Мемлекет тарапынан берілетін субсидия барлығына бірдей емес, жекелеген азаматтарға ғана қаралғанын айта кеткеніміз жөн. Жалдау төлемі әр шаршы метрге 2412 теңге болып бекітілген. Осылайша ең жоғары шектік көлем 80 шаршы метрге дейін болуы керек. Мәселен, 80*2412=192 960 мың теңгені құрайды. Үміткер жалдап отырған баспананың ауданы 100 шаршы метр болса да, оның 80 шаршы метрінің тең жарты қаражаты ғана субсидияланады.
– Субсидиямен төленетін баспананы жақын туыстардан немесе ерлі-зайыптының туыстарынан жалға алуға тыйым салынған. Жалға беруші мен жалға алушы жақын туыс болса, құжатында тегі бірдей келген жағдайда автоматты жүйе бірден кері қайтарады. Сонымен бірге, аудан әкімдігі полиция қызметкерімен бірлесе жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды тоқсанына бiр рет тексеріп отырады. Ал «Отбасы банк» жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалайды, — дейді Индира Серікқызы.

«Артылған ақшаны депозитке саламыз»

Жалдау төлемінің тең жартысын мемлекеттің өтегені өзгенің үйін паналап отырған отбасыларға қолдау деуге болады. Кеңес алуға келген шымкенттік Динара Шамсиева банк тарапынан өтінімі мақұлданғанына сене алар емес. Төрт баланың анасы алдағы уақытта жалдау төлемінен артылған 50 пайыз қаржысын депозитке жинақтауды жоспарлапты.
– Жеті жылдан бері пәтер жалдап тұрамыз. Балаларымның үлкені 6, кішісі 2 жастан асты. Өзім балабақшада медбикемін. Жалдап отырған пәтерімізге айына 70 мың теңге төлейміз. Негізінен 4 бөлмелі пәтердің бір бөлмесін ғана жалдағанбыз. Қалған бөлмелерде студенттер мен тағы бір отбасы тұрады. Тұрғын үй кезегіне 2021 жылы тіркеліп, банктен депозит ашып, аздап болсын қаражат жинап едік. Отағасы екеуміздің тапқан табысымыз пәтерақы мен азық-түліктен артылмайды. Ендігіде банк жалдау төлемінің 50 пайызын өтейтін болса, біз пәтер ақысының тең жартысына жұмсалатын қаржыны депозитке салуды көздеп отырмыз. Осылайш мемлекеттің көмегінің арқасында «Отбасы Банкке» қаржы жинап, пайызы аз ипотекалық баспанаға қол жеткізу үміті пайда болды, — дейді кейіпкеріміз.
Еліміздің қай өңірінде болмасын пәтерін жалға берушілер көпбалалы отбасыларды құп көрмейді. Олардың ойынша, балалар қабырғаға сызады, жөндеу жасалған жерді бүлдіреді және үйді қысқа мерзімде тоздырады-мыс. Ауылдан қалаға арман қуып, балаларымен көшіп келген отбасылар үй иелерінің осындай талаптарына реніш білдіріп жатады. Отбасы банктің шағын кеңсесіне үмітпен келген, тағы бір кейіпкеріміз (атын атаудан бас тартты) осындай көлденең мәселеден әбден қажығаны, пәтер иелері балаларына «үйді бүлдіруші» деген көзқараста екенін айтып күрсінді. Тіпті, бүгінде жалдау төлемін алу үшін де рұқсат бермей отырған көрінеді.

–Қалаға келгенімізге 8 жылдан асты. Сол уақыттан бері пәтер жағалап жүрміз. Тапқан табысымыздың аз бөлігін болса да Отбасы банкте жинақтап жатырмыз. Біздің алдымыздан үнемі көлденең шығатын мәселе – үй иелері 5 баламыз барын естігеннен жалға беруден бас тартады. «Қабырғаны сызады, үйді тоздырады» деп көбіне отбасымызды қабылдамайды. Қазіргі жалдап отырған пәтердің иесі де ресми түрде рұқсат беруден бас тартып отыр. Өйткені, автоматтандырылған жүйеге үй иесінің аты-жөні, пәтерін жалға беретіні туралы мәлімет енгізілсе, жалдау ақысының 10 пайызын мемлекетке салық ретінде төлеуі тиіс. Бұл бағдарламаның шартында көрсетілген. Мұндай талап үй иесіне ұнамайды. Тіпті, бізге жақын арада үйін босатуымызды талап етті.

«Шымкент келбеті»