Мемлекеттік шекараны күзету бойынша ағымдағы жағдай

266

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны күшейтілген режимде күзетуді қамтамасыз етуге бағытталған жедел, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізуде.

2023 жылдың басынан қазақстандық шекара арқылы 1 млрд 390 млн теңгеден астам сомаға халық тұтынатын тауарларды, автомобиль бөлшектерін, темекі бұйымдарын және басқа да тауарларды заңсыз тасымалдаудың 143 фактісінің жолын кесті.

1019 құқық бұзушы ұсталды. Атап айтқанда, Тараз қаласында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен шетел азаматы анықталып, ұсталды. Талдықорған қаласында полиция органдарымен бірге екі қазақстандық ұсталып, олардан 222 ақбөкен мүйізі тәркіленді. Жамбыл облысының Мерке ауылында Қазақстан азаматы ұсталып, оның тұрғылықты жері бойынша 8 кг «гашиш» есірткі заты табылып, тәркіленді.«Жаңажол» (СҚО) және «Қордай» (Жамбыл) өткізу пункттерінде 160 млн теңгеден астам сомаға автокөлік бөлшектері мен электрондық темекілерді заңсыз алып өту әрекеттерінің жолы кесілді.

Барлық фактілер бойынша уәкілетті органдар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізуде.

Сондай-ақ, өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Өткізу режимін жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2023 жылғы 16 қаңтардан бастап Астана қаласының әуежайында шекараны кесіп өтетін қазақстандық азаматтарды тексеруді және есепке алуды жүзеге асыратын «Q-Gate» автоматтандырылған шекаралық бақылау жүйесі пайдалануға берілді.

Анықтама:«Q-Gate» шекаралық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі ҚР азаматтарының төлқұжат деректерін тексеруді жүзеге асырады және бұзушылықтар болмаған жағдайда оларды өз дерекқорында автоматты түрде тіркейді. Аталған процедураны ҚР азаматы өз бетімен төлқұжатын «Q-Gate» жүйесіне сканеріне қояды.