БАЛАЛЫ ҮЙДЕ БЕРЕКЕ БАР

295

Дана халқымыз «Балалы үй базар» деп текке айтпаса керек-ті. Бүгінгі пәтерін жалға беріп отырған азаматтар арасында балаларға деген оң қабақ танытатындар да баршылық. Әл-Фараби ауданының тұрғыны, зейнеткер Айжамал Баратова да көпбалалы отбасыларды жатырқаудың қажеті жоқ екенін айтады. Өйткені, балалар өсіп-өнген үйде береке мен шаттық орнайды дейді.

–Жас күнімізде еңбектеніп, банкке депозит жинап алған пәтерімізді бүгінде қосымша табыс ретінде жалға беріп отырмыз. Екі жыл бұрын 51 шаршы метр болған 2 бөлмелі пәтердің жалдау ақысы 70 мың теңге еді, қазір инфляцияға байланысты 100 мың теңгеге көтердік. Әр отбасы ауысқан сайын міндетті түрде үйге жөндеу жүргіземіз. Бұған дейінгі жалдап отыратын отбасылар да көпбалалы болатын. Балалары көп үйде береке бар. Адал еңбекпен келген үйде бір отбасы өсіп-өніп, көбейіп жатқаны қуаныш емес пе? Біз көпбалалы аналарға үйімізді тегін бермесек те, балаларына еш қарсылығымыз жоқ. Бұған дейінгі жалдап тұрған екі отбасы да мемлекеттік бағдарламамен жаңа үй алуына байланысты көшіп кетті. Бұл отбасыға да бұрынғылардың сәттілігін тілеймін. Ал, салығына келсек, мемлекеттің заңына құрметпен қараймыз. Өзге үй иелеріне де салық төлеуден қашпаған жөн деп айтқым келеді, — дейді Айжамал апай.
Мамандардың айтуынша, жалдау төлемін субсидиялауға көбіне Қаратау мен Еңбекші ауданынан көп өтінім түседі екен. Абай мен Әл-Фараби ауданымен салыстырғанда алдынғы екі ауданда пәтерақы қолжетімді көрінеді. Кеңес беру орнында екі сағат бойы бақылғанымыздай келушілердің барлығы аталған бағдарламаның шарапатына риза. Қайткенде де, бар тапқанын жалдап отырған пәтеріне төлеп келген тұрғындарға субсидия бағдарламасы көп көмек болды.

Мемлекет тарапынан халықты тұрғын үймен қамтуда елімізде түрлі бастамалар жүзеге асып отыр. Игі жобалардың арқасында жыл сайын қаншама баспанасыз жүрген азаматтар қоныс тойын тойлауда. Ал, пәтерлі болудың әрекетінде жүріп, өздері жалдамалы үйді паналап отырған халықтың жағдайын да мемлекет ұмыт қалдырған жоқ. Жалдау төлемінің тең жартысына субсидия қаралып, бұл өз баспанасына қол жеткізгенше демеу болып отыр. Шымкент қаласында осы бағдарламамен 572 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп жатыр екен. Ол үшін қалалық Amanat партиясының ғимаратында «Отбасы Банктің» кеңес алу орны ашылып, мамандар күнделікті тұрғындарға бағыт-бағдар береді. Аталған бағдарламаның жүзеге асуы, тұрғындардың пікірі және атқарылған жұмыстардың барысымен таныстық.

«Шымкент келбеті»