«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ»: 150-ДЕН АСТАМ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

311

Елімізде халықтың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуына бағытталған бастамалар қолға алынған. Соның бірі – «Халық қатысатын бюджет» жобасы.

Шымкентте аталған жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл орайда тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы жергілікті бюджеттің қалыптасуына да өз үлестерін қосып жатыр.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың ұсынысымен 2021 жылдан бері аудан әкімдіктерінде балалардың ойын, спорт алаңшалары, демалыс аймақтары ашылды. 2022 жылдың өзінде қала аумағында 158 жобаға 3 901,8 млн. теңге қаралған. Бұл өз кезегінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық функционалдық тобы қаржысының 7,3 пайызын құрады.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деген болатын.
Осыған орай, 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 154 жобаға 4 773,5 млн. теңге қарастырылып отыр. Бүгінде тұрғындар тарапынан көшелерді жарықтандыру, балалар алаңшасын жөндеу, қоқыс урналарын орналастыру бойынша ұсыныстар келіп түскен.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына ең ауқымды және қымбат жұмыстар кіреді. Мәселен:

  • аумақты көгалдандыру;
  • тротуарларды жайластыру;
  • тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;
  • жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды (саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де нысандар) құру, жөндеу және жарықтандыру;
  • жиектерді, төсеніштерді, тіреулерді жөндеу;
  • балалар ойындарына және жалпы пайдалану орындарында ересек тұрғындардың демалуына арналған орындар, орындықтар, жәшіктер, жабдықтар мен конструкцияларды орнату және жөндеу;
  • аула аумақтарында және жалпы пайдалану орындарында спорттық (тренажер алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;
  • санитарияны қамтамасыз ету.

«Шымкент келбеті»