БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА 2500-ГЕ ЖУЫҚ ЖАС ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ
«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек». Бұл Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында берген тапсырмасы болатын.
Осы мақсатта Шымкент қаласында өткен жылы 2413 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде өз мамандығы бойынша «Жастар практикасы» жобасы аясында жұмыс орындарына 2125 жасқа жолдама берілген. NEET санатындағы 288 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмысқа орналасқан. Биыл мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаһарда 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, оның 16 425-і жас буын. Атап айтқанда, 4 167 субсидияланатын жұмыс орындарына жолданады. Оның ішінде 35-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1956-і «Жастар практикасымен», 1100-іне қоғамдық жұмысқа жолдама берілмек. 1052 бітіруші түлек «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жаңа жұмыс тапса, 24 жас «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына қатыстырылмақ.
Бос жұмыс орындарына 4393 адамды орналастыру жоспарланған. Ал, 6656 жасқа кәсіпкерлікті дамыту бойынша кәсіпкерлікті қолдау шараларын көрсету, 1209 адамға кәсіби білім беру жоспарланған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы елімізде Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам құруға арналды.
Жолдау барысында мемлекет басшысы: «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын» , – деп мәлімдеді.
«Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады.
Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады.
Енді реформалардың нақты бағдарларына тоқталайын», – деді Президент.