БІЛІМ НЫСАНДАРЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫ МАМЫРДА БЕКІТІЛЕДІ

253

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен арнайы жиында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру тетіктері қарастырылды. Пилоттық жоба аясында қала аумағында 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады. Келер жылы 20 400 орынға арналған 13 мектеп салынып, 2025 жылы пайдалануға тапсыру көзделген.

Тиісті басқарма басшыларының қатысуымен өткен басқосуда нысандарды инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамту барысы талқыланды. Мұрат Дүйсенбекұлы жоспарланған мектеп ғимараттарына қажетті табиғи газ, электр, су жүйелері мен жолдарды талапқа сай жүргізуді тапсырды.
— Ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне мән берілуі керек. Мектептердің көшелерін жарықтандыруды және бейнебақылау жүйелерімен қамтуды ұйымдастырыңыздар. Мектепке қатынайтын қосымша маршруттар бекітіңіздер. Білім ғимараттары түгелдей жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылуы тиіс, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, халықтың демографиялық өсу динамикасын ескеріп, алдағы уақытта білім ғимараттарының орындарын Бас жоспарға сәйкес белгілеп алу қажет екенін ескертті. Басқарма басшыларына құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді бірлесіп, дер кезінде оңтайлы шешуді тапсырды.

Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Жүнісбековтің қатысуымен брифинг өтті. Онда басқарманың 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары туралы айтылды.

— Басқарма тарапынан 17 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 13 967 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде құрылыс және реконструкция жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну қызметі — 1 295 рет, жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру қызметі – 5 319 рет, ал, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді беру қызметі — 1 347 рет, сондай-ақ, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру қызметі — 1 577 рет көрсетілген, — деді Нұрбол Абдырахманұлы.
Оның айтуынша, бүгінде Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі дамуының Бас жоспары әзірленіп жатыр. Бұл жобаның аяқталу мерзімі осы жылдың мамыр айына жоспарланған.
Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қаланың геоақпараттық жүйесі жасақталуда. Геопортал бүгінде сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Жоспар бойынша ол мамыр айында толықтай іске қосылмақ.