ТАМЫЗЫҒЫН ТАПСАҢ, ТАС ТА ЖАНАДЫ

228

Шымкенттіктер – еңбекқор, кәсіпке бейім, жалқаулыққа жаны қас. Айналамызға мән беріп қарасақ, шаһарда өз кәсібін дөңгелетіп, тіршілік қамын жасап жүрген жандар өте көп. Мәселен, әрбір шаңырақтың күнделікті табыс алып келетін жеке бизнесі бар десек артық айтпағанымыз. Тіпті бала күтіміндегі аналардың өзі үйінде отырып-ақ қолынан келген ісін жандандырып жібереді. Осындай шағын кәсіп иелеріне «Бизнес бастау» бағдарламасы да таптырмас мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі мақаламызда аталған жоба шеңберінде қолдау тауып, нақты нәтижеге қол жеткізген Салтанат БАТЫРХАНҚЫЗЫ туралы баяндамақпыз.

Салтанат Батырханқызымен жақында Көрме орталығында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкеде таныстық. Ол – қыш құю ісімен айналысатын шебер. Көрмеде одан басқа 150-ден аса кәсіпкер өз өнімін ұсынып жатты. Бірақ Салтанаттың кәсібі мен оның қолынан шыққан бұйымдары көзге оттай басылды. Көрмеге қойылған қолдан жасалған құмыра, ыдыс-аяқтар, жарық беретін ерекше шамдар көпшіліктің назарын аударды. Салтанатпен танысып-білісіп болған соң, сұқбатты оның студиясында жалғастырдық. Шеберханада шебер бізді жылы лебізбен қарсы алды. Студиясының өзі тартымды, ерекше дизайн мен интерьер. Үшінші қабаттағы шеберханадан қаланың көркі көздің жауын алады.
Салтанат Батырханқызы «Туризм» мамандығын бітіріп, сол бойынша жұмыс істеп жүрген жас маман еді. Пандемия кезінде ол жұмыстан өз еркімен шығып, өз кәсібімен айналысып келеді. Үйінде отырып ізденісін тоқтатпаған шеберіміз инстаграм желісінен қыш бұйымдар жасайтын өнер мектебін байқап қалады. Содан, шеберлік сабағына қатысып, бұл оның кәсіп бастауына жол ашты.
–Ата-анам суретші болғандықтан, олардың дарыны маған берілген. Бір күні инстаграм желісін ақтарып отырып, қолдан жасалған құмыра, түрлі ыдыс-аяқтарды үйрететін арт студиясын көрдім. Көре сала бұл өнерге ғашық болдым. Маған қатты ұнады. Осы істі хобби ретінде емес, кәсіп ретінде қолға алғым келді. Түрлі білім беретін арт мектептерден өттім. Оның ішінде Астана қаласына барып, ақ саз балшықпен жұмыс істеп үйрендім, ал ресейлік шеберлерден онлайн дәріс алдым. Білімімді шыңдап, қолымнан іс келетініне сенгендіктен, кәсіп ашуды жоспарладым,– дейді жас кәсіпкер.
Кәсіп ашу оңай іс емес. Бірінші кезекте қаржы мәселесі тұрады. Ал Салтанатқа бұл жағдай кедергісін келтірмеді. Ол елімізде кәсіпкерлеге қолдау білдіретін «Бизес бастау» бағдарламасына қатысып, грантқа ілігіп, қаржылай көмек алды.

–Кәсіп ашамын дегенде, отбасым маған үлен қолдау білдірді. Олардың көмегімен студияға жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Одан бөлек өзіме керекті құрал-саймандарды сатып алдым. Маған ең маңызды нәрсе қыш күйдіретін пеш болды. Бірақ, пештің құны 800 мың теңгеден асқандықтан, қаражаттың басы құралмай қойды. Содан «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, бағымды сынап көрдім. Барлық құжаттарымды реттеп, өтініш тастадым. Өтінішім тез қаралып, грантқа іліккенімді көргенде қуанышымда шек болмады. Мемлекеттен берілген қаржыға тез арада пеш сатып алып, өз кәсібімді бастап кеттім,– дейді Салтанат Батырханқызы.
Құмыра жасаудың технологиялық әдісі әр түрлі болатынын түсіндірген Салтанат саз құмыраның жасалу жолымен бөлісті.
–Қыштан жасалған шыныаяқтарды гончарлық шеңбермен жасап шығарамын. Одан тек құмыра ғана емес, түрлі пішіндегі ыдыс-аяқ, сәндік заттар, жарық беретін шамдарды да жасап шығаруға болады. Осы стильді пайдаланғанда дүниеміз керемет шығады. Құмыра жасау барысында ең алдымен саз балшықты алып, қолмен илеймін. Одан кейін қалаған формада кесіп аламын (жұмыс істеу барысында саз балшықпен жасалған ыдыстағы артық тұрған балшықты алып тастау үшін арнайы кесіп-түзетуге арналған құрал жабдықтар керек болады). Сосын оны пеште 950 грудаста күйдіреміз. Бұған кемінде бір тәулік кетеді. Бұйым пештен шыққаннан кейін, оны арнайы бояумен бояп, тағы пешке саламыз. Екінші рет 1150 градуста күйдіріледі. Күйген керамиканың кеуіп, дайын болуы үшін үш апта уақыт керек, – дейді шеберіміз.
Жұмыстың сапасына қатты мән беретін Салтанат керекті саз балшықты Ресейден тапсырыс берсе, бояғыштарды Италия мен Испаниядан алдыратынын айтты. Сондықтан болар келушілердің саны көп. «Шеберлік сабағына қатысамын» деушілердің де қарасы қалың.
–Жұмысымды қатты жақсы көремін. Келген қонақтар керемет атмосфераны сезіну үшін барымды саламын. Менің шеберханама көбінесе 17-45 жас аралығындағы адамдар келеді. Өз қолдарынан саз балшықтан заттарды жасап үйренеді. Қызығушылық танытқандар шеберлік сабағыма жазылып кетеді. Біз қыш пен саз балшықтан заттар жасауды ғана емес, оны күйдіру, бояу жолдарын үйретеміз. Курс өз мәресіне жеткенде, жасаған дүниесін өзімен бірге алып кетеді,– дейді С.Батырханқызы.
Кейіпкерімізбен тілдесу кезінде оның табиғатының шынайылығына көз жеткізіп, ісіне деген адалдығын байқадық. Қолынан шыққан әр заты ыстық махаббатпен жасалған. Айтпақшы, Салтанаттың арт студиясы «Айналайын» деп аталады. Мағынасы өте тереңде жатыр. Кейіпкеріміз «айналайын» сөзін – махаббаттың құпия сөзі деп түсіндірді.
Жас шебер арманындағы ісін кәсіпке айналдыра білген жан. Оның еңбекқорлығы мен ісіне деген жауапкершілігі табысқа жеткізді.Бизнесім ілгерілесін десеңіз, тапсырыс берушілерге әсер қалдырарлық дүниені бірінші орынға қойыңыз. Сонда ғана өз ісіңізден үлкен нәтиже шығара аласыз. Оны біз кейіпкеріміздің ісінен аңғардық.