«ШЫМ ҚАЛА» – КӨНЕ КЕНТ

400

«Шымкент ескі қалашығы» – жергілікті маңызы бар,  тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының археологиялық нысаны.  2003-2020 жылдар аралығындағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Ескі қалашық ашық аспан астындағы музейге айналды. 2021 жылы «Шым қала» тарихи –мәдени кешені қала қонақтарына есігін айқара ашты.

Бүгінгі таңда «Шым қала» тарихи – мәдени кешеніне қарасты үш  музей бар. Кешен қаламызға алыс-жақын шетелдерден келетін туристер тамашалайтын бірде бір тарихи-мәдени нысанға айналуда.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қалашықта 15 жыл археолог Бауыржан Байтанаевтың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Ғалым зерттеулерінің негізінде 2012 жылы «История Шымкента» атты көлемді ғылыми еңбек жариялады.  Сөйтіп, Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екені дәлелденді. 2019 жылдың ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 2200 жылдық тарихи жасы мойындалып, 2020 жылғы Халықаралық іс-шаралардың тізіміне кіруі  мегаполис үшін өте маңызды оқиға болды.

Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде батыс шахристан аумағынан  ХVІ-ХVІІ ғасырдағы қазақ хандығы дәуіріне жататын  ұстахананың орны анықталды.  Нысанына реставрация жұмыстары жүргізіліп,  орнынан ұстахана және ұста баспанасы бой көтерді.  Ұстаханада ата-бабаларымыз пайдаланған тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақтар,  қалыпта құю, соғу, шегендеу, зер жүргізу аспаптары, ұсталық көрік көмірге арналған кірпіштен қаланған ошақ орналасқан.

Сонымен қатар, қамалдың қорғаныс қабырғасына жапсарлас салынған шығыс мұнарасы реставрациядан өткен. Бұл — жаугершілік заманда қала халқына қауіп төнген жағдайда жаудан қорғану қызметін атқарған жерасты бекінісінің құрылысы. Оның үстіңгі бөлігі алыстан келе жатқан қауіптің алдын алу мақсатында белгісін беретін қарауылдық  қызмет атқарған.

Аталған аймақтың  оңтүстік-шығыс аумағында Қарахан дәуіріндегі (Х-ХІІ ғғ) тұрғын үй кешеніне консервациялау жұмысы жүргізіледі. Тұрғын үй үш бөлме, екі дәлізден тұрады.  Цитадельдегі  төменгі қабатына II-IV ғғ. қазба жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде ең төменгі мәдени қабаттардан зороастрлық ғибадатхананың орны аршылып, оның  астына адам сүйегі  салынып көмілген хұмдар (құмыралар) табылған. Қазба орнына консервациялау жұмыстары жүргізілген. «Шым қала» тарихи – мәдени кешеніне қарасты үш  музей бар. Кешен қаламызға алыс-жақын шетелдерден келетін туристер тамашалайтын бірде бір тарихи-мәдени нысанға айналуда.