ЕЛ БОЛАШАҒЫ ОТАНШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА   

265

Өз елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Қазіргі таңда жасөпірімдерді патриоттық сезімде тәрбиелеу, әскерге баруға ынталандыру – жауапты іс. Жастар еліне қорған болуға дайын ба? Бұл көпшілікті ойлантатын мәселе. Таяуда Сайрам тұрғын алабы Е.Юсупов атындағы №104 орта мектептің 10 сынып оқушыларының алғашқы әскери дайындық пәнін жетік меңгергеніне көпшілік куә болды. Тағылымды іс-шарада жоғары сынып оқушылары әскерге баруға дайын екендіктерін аңғартты.

 

«Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» Ардагерлері» (ГКӘТ, ВКШӘТ) республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалы ардагерлері, қаруластар мектептерде, жоғары оқу орындарында жастармен патриоттық кездесулер ұйымдастырып келеді.
Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалы 2022 жылы құрылып, желтоқсан айында ресми тіркеуден өткен еді. Отансүйгіштікке, патриотизмге, еліне адал қызмет етуге тәрбиелеу, ер балаларды әскерге ынталандыруды мақсат еткен ардагерлердің алғашқы іс-шарасы Сайрам тұрғын алабында өтті.
Шымкент қаласы бойынша филиал төрағасы Құрасбек Омаров жастарды білімді болуға, өз елінің Тәуелсіздігін баянды ету үшін елін-жерін қорғауға шақырды.
– Біз Кеңестік кезеңде әр елде жүріп әскери қызмет атқардық. Қашан, қай елде қызмет атқарсақ та, қазақтың атын шығардық. Бұл – тарих, біздің өміріміздің бір бөлшегі, жастық шағымыздың естелігі. Қазір біздің Тәуелсіз еліміз бар, артымызда өскелең ұрпақ өсіп келеді. Қазақстанның Қарулы күштері қалыптасты. Қазақтың Ұланы, сарбаздары біздей патриот болсын, мықты болсын дейміз. Себебі, біз әскерге баруға асықтық. Әрбір ер азамат Отанын қорғауы керек. Әскер болу – әрбір азаматқа абыройлы міндет. Ата-ананың үмітін ақтап, бақытты ғұмыр кешу үшін жастар отаншыл болуы тиіс. Біздің Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштыығымызды сақтайтын, елімізге қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін, – деді Қ.Омаров.
Ардагерлер Отан алдындағы борыштарын өтеудегі қиындықтары, бастан кешкен оқиғаларын әңгімеледі. Жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру, өз ісіне адал, талапты, білімді азамат болып өсуіне үлес қосуымыз әрбіріміздің міндетіміз.
Іс-шарада жоғары сынып оқушылары алғашқы әскери дайындықтарынан жаттығулар көрсетіп, әскери ұрыс-қимылдарын жетік меңгергендіктерін байқатты. Мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі Мірқадір Мирхаджиев 21 жылдан бері оқушыларды әскери қатаң тәртіпке баулып жүр.
Филиал басшысы Тәуелсіз еліміздің болашақ қорғаушысы ретінде зор ықылас пен құлшыныс көрсетіп, алғашқы әскери дайындық пәнін жетік меңгерген оқушыларды Алғыс хатпен марапаттады. Мектеп директоры Г.Жамалова да шәкірттерінен жоғары жетістіктер күтетінін атап өтті.
Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктің ардагерлері Елтай тұрғын алабындағы №120, «Азат» шағынауданындағы № 68 орта мектепте жастармен кездесу өткізді.