ҰЛТЫ БАСҚА БОЛСА ДА, ЖАНЫ ҚАЗАҚ

210

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғы. Кик-боксинг спортының атағы жер жарып тұрған шағы. Сабыржан Махметов Қазақтан құрамасы мен Әлем құрамасын Алматыда тоқайластырып, «Ғасыр Жекпе жегін» өткізіп тастаған.

Осыдан-ақ қазақ кик-боксшыларының әлеуетін көре беріңіз.
Шымкентте кик-боксингтан Азия чемпионаты өтетін болды.
Үлкен спорт десе мойнымыз соған қарай қисайып, кете баратын шағымыз. Сұрапыл шайқастар болды. Ең қызығы алыптардың айқасы ғой. Әлем чемпионы Асқар Қохановтың атағы аспандап тұрған шағы. Финалға дейін бәрін қаусатты. Екпіні сел ағызып, тау жығардай.

Чемпион сол деп тұрмыз іштей. Оған қарсы денесі құрыштай, қара жігіт шықты. Көріп тұрмыз. Қохановтан отыз-қызық келі салмақ кемдігі бар. Қоханов арқаланып кірісті.
Аяқ-қолымен кезек ұрып, шаршы алаңның шаңын қоғып жүр. Лоуы оңбай тиіп рефери қара жігітке нокдаун ашты. Жекпе жек мерзімнен бұрын аяқталады деп бір ойлап қойдық.
Биев деген қара жігітке іштей жанашырлықен, аяушылықпен қарап қоямыз. Екінші раунд. Қара жігіт рингте бірдеңсін ұмытып қалғандай асығыс кірісті. Күлден тотыдайын таранып шыққан Феникс сияқты. Лоу, кик. Кезек-кезек ұрады. Қоханов көрер көзге кішірейіп барады. Шамдағай жігіт аяқ қолын кезек сермеп тықсырып жүр. Әлем чемпионы сесіне шыдай алмады. Бораздаға салып сілекпесін шығарған кәрі аттай болдырып қалды Қоханов. Есесіне Биев биіктеп барады. Аяғы да, қолы да балғадай екен. Асқар Қоханов белін бүгіп, қос қолғабымен бетін, бүйірін жаба береді. Толық жеңілді.
Қара жігітке сүйсіндік. «Жас Алаш» газеттің тілшісіміз. Спортты жазудан Қазақстандағы маңдайалды басылым. «Жазамыз» дедік. Жанымдағы дос қыжыртты. Күлді. «Несін жазасың. Қытай жігіті қазақ чемпионын ұрып жықты деп жазасың ба?».
Тоқтап қалдық. Қазақ деп іштартып тұрған қара жігіттің толық сойы Евгений Биев Жуньшэнұлы екен. Әкесі-қытай, шешесі орыс жұрағатынан.
Қанша жасырсақта әр көкіректе шовинистік ұшқын жатады екен. Сол мақала солай жазылмай қалды.
Кейін қызмет бабымен Шымкентке ауыстық. Биевен спорт жарыстарында жиі ұшырасып жүрдік. Кейін ол өзіміз жақсы сыйлайтын досымыз, қазақтың қайратты қыздарының бірі Хализа Шаметовамен шаңырақ көтерді. Тойларында болдық.
Хализа өткір қыз. Кездескеңе «баяғыда Женяны қытай болғаны үшін мақала жазбай кетіпсіз ғой» деп күледі. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген осы. Үндемей күліп құтыламыз. Женя да ләл-лим демейді.
Бұл жігіт туралы спорт жағынан болмаса түкте білмейді екем.
Хализа сыр қылып ашқанда кәдімгідей қызынып қалдық. Ұлты қытай болса да жаны қазақ Евгний Биевтің тарихы былай өріледі екен.
1950 жылдары Байқал-Амур магистралінің қызу қарқынмен салынып жатқан шағы. КСРО-мен тонның ішкі бауындай дос болып тұрған Қытай Халық республикасы көмекке қытай жастарын жібереді. Олармен бірге коммунистік партияның жалыны кеудесін қыздырған Бие Жуньщэнь деген жас жігіт бар. Арада аттай алты жыл өтіп Қытай азаматтары елге қайтпақ болғанда тоңтеріс болған екі елдің шекарасы тышқан жорғалап өте алмайтындай тарс жабық еді. Қытай азаматтары түгелдей дерлік Ресейде қалып кетеді. Перьм қаласы. Бие Жуньщэнь көңілі қалап жүрген орыс қызымен жарасып шаңырақ көтереді.
Дүниеге бір қыз, бір ұл келеді. Қазақстанға сауатты заңгерлер көбірек керек болып жатқан кез. Женяны шешесі өте білікті юрист болғандықтан Алматыға шақырту алады. Кейін Шымкентке ауысады. Ол кезде Евгений Биев төртінші класта оқитын. Луана есімді қарындасы бар.
Өмір осылай өте береді. Қытайда жауынгерлік жекпе-жек өте жақсы дамыған. Жастайынан осы спортты жанына серік еткен әке Бие Жуньщэнь баласын осы спортқа баули бастайды. Биев кик-боксингпен айналысады.
1993-1996 жылдары Қазақстан чемпионы, кик-боксингтан Азия биігін бағындырады. Ушу саньданың Шымкентке қазығын қағып, халықаралық жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрінеді. Әлемнің екі дүркін чемпионы, Қазақстанның табан аудармастан 12 жыл чемпионы атағын алған, аңыз спортшы болған Асқар Қохановты жеңген осы жұлдызды шақтары. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Хализа осы қара жігітті іштей ұнатып жүрер екен. Батыл қыз өзі ұсыныс жасайды. «Женя, мен сені жақсы көремін. Маған үйленсейші».
Женя да кет әрі болмаған білем. Жақсы көргені ғой. Күледі де «бір шартым бар» дейді.
«Кәрі әке-шешем бар. Маған не істесең де кешіремін. Бірақ, ата-анамның көңіліне жел болып тимейсің».
Шыны керек, әңгіменің осы жеріне келгенде Женя Биевке деген құрметім тым биіктеп кетті. «Апыр-ау, жүрегі үлкен азамат екен ғой. Біз қалай адамдарды тани бермейміз» Солай болған. Қолынан бәрі келетін, іскер қыз Женяның әке-шешесін мәпелеп бағады. Өз анасын да қолына алады.
Евгений таңертеңгілік жұмысына кетеді. Келген соң ата-анасын жуындырып барып, тамаққа отырады. Енесінің де айтқанын бұлжытпай орындайды. Хализаның анасы Тәжіайым Евгениді жақсы көріпті. «Менің құдай берген күйеу балам» дер екен. Жаны тазалығын, ата-ана, үлкенге қамқорлығын аңдаған болар. Тәжіайым апай ауруханаға түскенде таңертеңгілік емдеуші дәрігерлерден бұрын Женя келіп, қан қысымына дейін өлшеп, дәрілерін беріп кетер екен.
Луана қарындасы ерте өмірден өтеді. Оның Мария-Маша қызы Гавай аралында тұрады. Сонда тұрмысқа шыққан. Ол да ата-әжесін құлай сүйіпті. Тегі, жанашырлық, қайырымдылық, отбасыны жақсы көру қандарында болар. «Менің көмегім» деп ата-әжесіне ай сайын 200 доллар жіберіп тұрыпты.
Қарттардың сүйегі қажалмасын деп жұмсақ керует, медициналық жабдықтар алып беріп тұрған. Женяның Лейла қызы әкесі сияқты ушу-саньдадан халықаралық турнирлерде өнер көрсеткен. Қытай азаматына тұрмысқа шығып, бүгінде Кипрде тұрады. Одан Амелия деген сүйкімді немере бар.
Женяның анасы Римма Ивановна өмірінің соңында жүйке ауруымен сырқаттанады. Есін ұмытып, қолына түскен затпен маңайын ұрар екен.
Осы жағдайды көрген жүйке аурулары диспансерінің меңгерушісі ауруханаға жатқызуға кеңес береді. Хализа бұл жағдайды Женяға айтады. Ауруханаға барып, ондағы жағдаймен танысқан Женя шешесін апарудан бас тартады.
Жарының шешімін Хализа да қуаттайды. Үш қарияны да өздері өмірінің соңына дейін күтіп, фәни дүниеге арулап шығарып салады.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Евгений Биевтің үлкен спорттағы биік жетістіктерін бүгінде төл шәкірттері қайталап келеді. Ушу-саньдадан Мейірман Рақымжанов Бейжіңде өткен Әлем чемпионатының финалисі. Әлем Кубогінің Жеңімпазы. Азия чемпионы.
Нұржан Тұрсынқұлов Ичхонда өткен Азия ойындарының жүлдегері.
Биев бапкердің 40 астам шәкірті ҚР спорт шебері. Бұл бір бапкер үшін өте жақсы жетістік.
Бүгінде алпыс деген асуды бағындырып жатқан Евгений деген бауырыңыздың өмірі осылай өріліп жатыр. Жары Хализа екеуі бір ұл, бір қызды өсіріп, немерелердің шуағына бөленіп келеді.
Бақытты ғұмыр, мағыналы өмір деген осы шығар…

Бақтияр ТАЙЖАН