ӘДЕП КОДЕКСІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

174

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптар Әдеп кодексі арқылы күшейтілген. Әдеп кодексі жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байналысты мінез-құлық стандарттары деп аталған бес бөлімнен тұрады.

 

Әдеп кодексінің басты міндеті — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.
Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы тиіс.
Жаңа заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымды атқаратындар ұжымда өз діни көзқарасын ашық көрсете алмайды, бағынышты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.
Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуі тиіс. Сонымен қатар, басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселесін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуі тиіс.
Көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында мінез-құлық стандарттары, мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша сөйлеу оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдарына жүктелген. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты сыпайы жүргізуі тиіс.

Қ.ЕРТУОВ,
ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Шымкент қаласы бойынша аумақтық
инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілі