ШЫМКЕНТ ТАРИХЫ: РЕСЕЙ МЕН ӨЗБЕКСТАН АРХИВІНЕН ТАБЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР
Зерттеу мақала Ресей мемлекеттік әскери тарих архивінен және Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивтерінен Шымкент өңіріне қатысты әкелінген (картографиялы) деректері мен құжаттары негізінде жазылған. Мақалада 1866-1900 жылдардағы Шымкент бекінісінің карта-сызбалары, аумағы, құрылыстарының тізімі, ескі қалашықтың тарихы туралы қамтылады.
ХІХ ғасырда өлке түгелдей орыс билеушілерінің қоластына өткен кезеңде алғашқы рет Шымкенттің батыстық қала кластеріне өтуі кезеңі жүзеге асты. Отаршыл билік табан тіреген қалалардың маңызын жоғарылату үшін Қазалыны Түркістан, Чуст, Ура-Төбе, Самарқан, Ташкент қалаларымен бір деңгейге көтеріп, оны 3-ші Әулиеата, Перовск, Верный, Қаттақорған қалаларына 4-ші класты қала деген дәреже берсе, ал, Шымкент қаласы Қапал, Сериополь, Тоқмақ, Лепсі қалаларының қатарында 5-ші класты қала дәрежесіне ғана іліне алды. Бірте-бірте Түркістан қаласы да 3-ші кластан 5-ші класқа ауыстырылғандығын да Өзбекстан Республикасындағы мемлекеттік орталық архивінің №1-ші қорының №242-ші іс-қағазындағы«Об определении класса городов Туркестанского края по торговому их значению» деген құжатының дерегіне сүйене отырып айта кетуге болады. Шымкент қаласы 42°18´ солтүстік ендікте және 39°16´ шығыс бойлықта, теңіз деңгейінен 1660 фут (30,48 см.), яғни 506 метр биіктікте, Сырдарияға оң жағынан келіп құятын Арыс өзенінің сол қолтығы Бадам өзенінің алқабында орналасқан қала екендігін ХІХ ғасырда орыс картографтары дәл анықтап алып, жаңа отарлық биліктің өлкені толық басқаруына жағдай жасау үшін «Карта Туркестанского генерал-губернаторства. 1868 г.» деп аталатын арнайы карта сызып алған. Қазіргі кезеңде ол карта Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық архивінің №689 қорында сақтаулы тұр. Шымкент қаласы М.Черняевтің басып алуынан бастап Жаңа-Қоқан әскери линиясының құрамына, ал 1865 жылдың 12 ақпанынан бастап Түркістан облысының, 1867 жылдың Сыр-Дарья облысының уездік орталығы болып бекітілген Шымкент, уездік қалалардың ең көрнектісі және ірі сауда орталығы болатын. Ол табиғаты сұлу жерде, Ташкент қаласынан 116,5 верст жерде орналасқан. Қошқарата бұлағының қасиетті суы үшін қалаға келушілердің саны өте көп болған. Қала Қоқан хандығының қол астында болған кезде, 1856 жылы Ташкент беклербегі Мырзахметтің бұйрығымен алғаш рет базар салынды. Ол туралы дерек оңтүстік өлкесін зерттеуші барлық тарихшыға белгілі сол заманның зерттеуші-авторы А.И. Добросмысловтың 1912 жылы Ташкент қаласының «Эл.-пар. Типо-лит. О.А. Порцева» атты баспаханасында басылып шыққан «Города Сыр-Дарьинской области. Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулиеата и Чимкент. С рисунками и 2 снимками с рукописей» атты кітабынан алынды.
Шымкент қаласы қарастырылып отырылған кезеңдегі саяси-әлеуметтік және экономикалық-шаруашылық жағдайын сипаттайтын гербке ие болды. Герб қалқаны «Геральдика» ғылымында «Кантон» деген классификацияға ие болған үлгіде жасалған. Яғни, герб қалқанының оң жақ жоғарғы бөлігі оның оң кантоны деп есептеледі және ол жерге қаланың Сырдария облысының уезі екендігін көре аламыз. Осыған дейін Сырдария облысының «Фарс» деген стильдегі гербі жасалып, ол Сырдария өзені, оның екі жағалауындағы құмды және облыста жақсы өнім беретін жүзімді бейнелейтін сурет салынған герб те қабылданған болатын.