ПОЛИЦЕЙЛЕР «ҚОРҒАУ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЕРЕЖЕСІН 70 РЕТТЕН АРТЫҚ БҰЗҒАН ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІН АНЫҚТАДЫ

209

Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғалары мен жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді.

Мәселен облыстық трассалардың бірінде Түркістан облысы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жол қозғалысы ережесін бірнеше рет бұзған «Армян нөмірлі» «Хонда» автокөлігін анықтады.

Тексеру барысында жеке тасымалдаумен айналысатын 40 жастағы жүргізуші Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының жолдарында 73 рет жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталды. Әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1,2 миллион теңгеден асты. Нәтижесінде полицейлер құқық бұзушының көлігін айыптұраққа жеткізді.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 7-30 маусымы аралығында облыс аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Түркістан полицейлері аталмыш іс-шара барысында, төленбеген әкімшілік айыппұлдары бар 73 автокөлікті анықтап, айыптұраққа қойды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау мен салынған әкімшілік айыппұлдар бойынша берешектерін уақтылы төлеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.