ҚАЛА ӘКІМІ ҚОШҚАР КӨТЕРУДЕН РЕКОРД ОРНАТҚАН АЗАМАТТЫ ҚАБЫЛДАДЫ

285

Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова бұқаралық сайыста қошқар көтеріп, рекорд орнатқан Азамат Мақұлбековті қабылдады.

«Ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, ел ішінде бұқаралық спортты кеңінен насихаттап жүргенің үшін алғыс айтамын. Өйткені, өзіңдей жастардан кейінгі буын өкілдері үлгі-өнеге алатыны сөзсіз. Олай болса, «Қошқар көтеру» сайысында әркез жеңіске жетіп, Арысымыздың абыройын асқақтата беруіңе тілектеспін», – деді Гүлжан Мамытқызы.

Өз кезегінде спортшы Азамат Нұрғалиұлы келешекте өзінің рекордын жаңартқысы келетінін айтып, алға қойған арман, мақсатымен бөлісті.

Кездесу соңында қала әкімі Азамат Нұрғалиұлын арнайы алғыс хатпен марапаттап, дербес бөлім басшыларымен естелік суретке түсті.

Айта кетейік, Арыста қала күні мерекесі қарсаңында қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткен болатын.

Соның ішінде көпшіліктің назарын аударған «Қошқар көтеру» сайысында салмағы 43 келі болатын қошқарды 1 111 рет көтерген Азамат Мақұлбеков бас жүлдені иеленіп, рекорд орнатқан еді.