ШЫМКЕНТТЕ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 18 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТЕ СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДА ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТҚАН

329

Қалада өткен жылы 24 800 орындық 43 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке азайған. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделуде. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.

Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мегаполисте 2025 жыл соңына дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-уі жуырда пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 2029 жылға дейін сыйымдылығы 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда.

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады. М. Дүйсенбекұлы республикалық қала мәртебесіне ие болған 5 жылда атқарылған жұмыстарды, барлық саладағы көрсеткіштерді баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап беруде.

Соңғы бес жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жетті.
Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар осы уақыт аралығында қалаға 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд. теңгеден 613 млрд.теңгеге жетті.

Биыл мегаполистің макроэкономикалық көрсеткіштерінде де оң динамика бар. Жыл басынан бері инвестиция көлемі 22 пайызға, құрылыс жұмыстары 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артып отыр.