ПОЛИЦЕЙЛЕР ЕГДЕ ЖАСТАҒЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚҰЖАТТАНДЫРДЫ

166

Бүгінде кейбір тұрғындар құжаттандыру мәселесіне салғырт қарайды. Бірі отбасылық, енді бірі қаражат мәселесімен дер кезінде құжатын алмайды. Осындай олқылықтарға жол бермеу мақсатында, Түркістан облысының көші-қон қызметі жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.

Мәселен Сауран аудандық полиция бөлімі көші-қон тобының полицейлері 69 жастағы тұрғынды құжаттандырды. Ол осы уақытқа дейін ауылда түрлі жұмыстарды жасап, құжат жасатуға бармаған.

Абай Сапарбаевты құжаттандыру үшін көші-қон полицейлері оны суретке түсіріп, қолтаңбасын алып, тиісті құжаттарды рәсімдеді. Нәтижесінде ер азаматтың жеке басын растайтын жаңа құжаты дайын болып, табысталды. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетіне тұрғын алғысын айтты: «Кейбір жағдайларға байланысты құжат алуды кейінге қалдырып жүргенмін. Осы орайда көмек берген полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз» — деді.

Сонымен қатар Жетісай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің қызметкерлері 1 ғасыр өмір сүрген әженің жеке куәлігін жасап берді.Нақтырақ айтсақ, Жетісай полициясына 1924 жылы туған Айсара Баймуратова есімді ақжаулықты тұрғын құжатының мерзімі өтіп кеткендігі бойынша көмек сұрап келген. Бұл бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, 100 жастағы әжейдің керекті іс-құжаттарын жинақтап, мерзімі өткен құжаттарын қайта жасап берді.

Полиция қызметкерлерінің мұндай жанашырлығына дән риза болған егде жастағы тұрғын мен балалары олардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Түркістан облысының тәртіп сақшылары құжаты рәсімделмеген тұрғындарға міндетті түрде құжаттануға кеңес береді. «Әрбір адамда жеке басын растайтын құжат болса, ол еліміздің азаматы ретінде танылады және мемлекеттен берілетін тиісті көмектерді алуына толық мүмкіндігі болады», — деп атап өтті полицейлер.