ТҰРҒЫННЫҢ КӨЛІГІН АЙДАП КЕТКЕН КҮДІКТІ ЕР АДАМ АНЫҚТАЛДЫ

140

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі шағым түсірді. Жәбірленушінің айтуы бойынша көшелердің бірінде тұрған оның «Wolkswagen Passat» маркалы автокөлігін белгісіз біреу айдап кеткен.

Оқиға орнына жылдам жеткен полицейлер жедел-тергеу тобын құрып, автокөлікті айдап кеткен күдіктіні іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары ауыл аймақты аралап, куәгерлерден жауап алды.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2 сағатта көлікті айдап кеткен жергілікті тұрғын анықталды.Полиция қызметкерлері күдіктіден ұрланған көлікті айғақты зат ретінде тәркілеп, заңды иесіне қайтарылды.

Аталған факті ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.