ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ҚАН ТАПСЫРДЫ

167

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ерікті түрде орталық ауруханаға барып, қан тапсырды. Бұл істе полицейлер өзгенің өмірін сақтап қалуға азда болса өз үлестерін қосуды мақсат етті.

Аталған іс-шараға Ордабасы ауданының алдын ала қажетті медициналық тексерістерден өткен 26 полиция қызметкері қатысты. Бұл күні медициналық мекеменің қан қоры 12 литрге ұлғайды.

Қан тапсырушы полицейлер: «Қан тапсыру арқылы көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жол апатынан зардап шеккендерге жәрдем етіп, қатерлі дертпен күресіп жатқандарға үміт сыйлау, оларды қолдауды мақсат еттік. Біз бұл шараны үнемі өткізіп отырамыз, яғни азаматтық борышымыз!» -деп атап өтті.

Аудандық орталық аурухана қызметкерлерінің айтуынша, қан бірінші кезекте күрделі онкологиялық аурулармен ауыратын балаларға, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендердерге қажет. Донор өз қанын бере отырып, қиын жағдайда қалған адамдарға көмектесе алады.

Сондықтан тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, өзге де дені сау азаматтарды осылай қан тапсырып тұруға шақырды.