МИРАС ЖӘНЕ ШАПАҒАТ-2 ШАҒЫН АУДАНЫНДА КӘРІЗ ҚҰБЫРЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ ЖӘНЕ 58 МЫҢ ТҰРҒЫНҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ЕМХАНА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

211

Қазір қаладағы 81 шағын ауданның 24-і канализациямен қамтамасыз етілген. Биылғы жылдың жоспарына сәйкес Мирас және Шапағат-2 шағын ауданында кәріз жүйесін қамту мақсатында жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізілуде.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов нысан басында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Осыған дейін жұмыстардың 80% аяқталған. Құрылыс процесіне 30 жұмысшы, 7 арнайы техника жұмылдырылды.Айта кетейік, аталған елдімекендерге канализациялық желілерді тарту бағытында 2020 жылы жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамалық қорытынды алынған болатын. Кәріз жұмыстарының құрылысына арнайы қаражат 2021-2023 жылдар аралығында бөлінгендіктен, қазір мұнда мердігер мекема тарапынан жұмыстар қарқынды жүруде.

Сонымен қатар биыл Тассай, Тұранның ішкі жүйесі, Қайтпас-2, 112-орам, Бозарық шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60 % -дан 65  % -ға артады.

Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты №5 қалалық емхана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 1984 жылы қолданысқа берілген емхананың алдағы уақытта инженерлік желілері түгел ауыстырылады. Сондай-ақ, сыртқы қасбеті жаңартылады.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов шілде айының 1-інен басталған емхана құрылысы жұмыстарының жай-күйімен танысты. Төрт айға созылатын жөндеу жұмыстары бірінші кезекте сапа жағына мән берілу керек.

Амбулаториялық емханалық көмек көрсететін мекеме қазіргі уақытта 58 мыңнан астам тіркелуші тұрғынға медициналық қызмет ұсынып отыр. Сондай-ақ, мұнда 500-ден аса медицина персоналы қызмет етеді.

Қаламыздағы қырық жылдық тарихы бар емхананың күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады.