ҚЫЗ ЖІБЕК РӨЛІН СОМДАҒАН ДАҢҚТЫ АКТРИСА МЕРУЕРТ ӨТЕКЕШОВА ТҮРКІСТАНҒА КЕЛДІ

13

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешова Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді.

Қазақ өнерінің жарық жұлдызына айналған өнер қайраткері «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум аясында екі кезеңнен тұратын AI Хакатонның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Іс-шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қазақтың Қыз Жібегін 75 жас мерейтойымен құттықтап, өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ шара барысында өнер иесіне ерекше құрмет көрсетіліп, «Конгресс Холл» өнерпаздары өнер көрсетті.

Одан соң Меруерт Өтекешова кешеннің шығармашылық ұжымымен арнайы кездесіп, өнер жолындағы тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетсек, бүгін Театр және кино әртісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова 75 жасқа толып отыр. Ол 1968 жылы Алматы қаласындағы №66 мектепті тәмамдаған соң, «Қыз Жібек» киносының бас кейіпкерінің рөлін сомдауға шақырту алған. 1969-1973 жылдары қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетін, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның класы бойынша бітірді.

Бұдан кейін Мұхтар Әуезов театрының актерлік құрамында үздіксіз еңбек етіп, алғашқы рөлін Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша сахналанған «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман рөлі болды. Қазақ қыздарының мәңгілік ескерткішіне айналған Қыз Жібек образы арқылы кино өнерінде өзіндік із қалдырды. Сахна мен кино саласындағы сан жылдық еңбегі еленіп, «Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі» атағын, Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясын алып, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Меруерт Өтекешова театр өнерінің жұлдызы болып қана қоймай, кино әлемінде де бірегей рөлдерімен халық көзайымына айналды.