ШЫМКЕНТТЕ ТАҢҒЫ ЖАТТЫҒУЛАР ЖАЛҒАСАДЫ: «МЕТАЛЛУРГ» САЯБАҒЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ӘКІМДІК ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРДІ

13
Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.
Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған таңғы жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында ұйымдастырылған жаттығуларға жалпы 221 адам қатысқан. Спорттық іс-шаралар шаһардағы 13 саябақ пен аллеяда өтіп, 31 білікті нұсқаушы тұрғындарға қауіпсіз әрі тиімді жаттығу жасауға бағыт-бағдар беруде.
Атап айтқанда, дене шынықтыру шаралары Дендро, Жеңіс, Металлург, Абай, Орталық, Шымсити, Қазақстан–Түркия достығы саябақтарында, сондай-ақ Отбасы, Әкімшілік, Алтын дән, Тұран-2 аллеяларында және Шахматшылар үйінде ұйымдастырылған. Қатысушылар саны бойынша Дендро саябағында – 45, Жеңіс саябағында – 30, Металлург саябағында – 25 адам тіркелген. Жаттығулардың басым бөлігі таңғы сағат 06:00–09:00 аралығында өтсе, Шахматшылар үйінде кешкі 16:00–19:00 уақытында жүргізіледі.
Осы ретте әлеуметтік желіде зейнеткерлер «Металлург» саябағында орын алған жағдайға байланысты қала әкімінің парақшасын белгілеп, шағым білдірген болатын. Аталған жайтқа қатысты әкімдік түсініктеме берді.
Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері жақын маңдағы тұрғындардан түскен шағым негізінде көрсетілген мекенжайға барып, заң аясында тиісті шаралар қабылдаған. Ешқандай әкімшілік айыппұл салынбаған. Тек тұрғындардың өтінішіне сәйкес музыканың дыбысын қатты шығармау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Қала әкімдігі салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамыту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды өзара түсіністік танытып, қоғамдық тәртіп пен құрметті сақтауға шақырды. Дирекция алдағы уақытта да мұндай спорттық бастамалар жалғасын табатынын хабарлады.