ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 512 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

18

ҚР Мемлекеттік рәміздер күні Түркістан қаласында 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам адам баспаналы болды. Ал, былтыр облыс көлемінде 3564 азаматқа пәтер кілті табысталды.

Түркістандық тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттерін табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді үнемі басты міндет ретінде белгілейді. Осы міндеттерді жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, мыңдаған азаматтың тұрғын үй мәселесі шешімін табуда. Былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3564 пәтер берілсе, осы жылы 2292 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Бүгін тағы да 512 отбасының қуанышы еселеніп отыр. Шаңырақтарыңыздан шаттық пен береке кетпесін! Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Қаладағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде қоныс тойын тойлап жатқан отбасылардың қатарында әлеуметтік осал топ және көпбалалы отбасылар бар.

2025 жылғы 24 мамырдан бастап күшіне енген тұрғын үй заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезектілігін жүргізу және тұрғын үйлерді бөлу функциялары «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Бүгін баспана кілтін алған тұрғындар – жаңа тәртіп бойынша «Отбасы банк» арқылы іріктеліп, жолдама алған алғашқы азаматтар.