ТАРИХПЕН ТІЛДЕСКЕН ҚАРАШАҢЫРАҚ

227

Қазақтың бас көтерер азаматтарын «халық жауы» деп айыптаған заманды «Атжалман ғасыр» демегенде не дейсің?! 1936 жылы Мәскеуде өткен онкүндікте сахна шымылдығының 12 минутқа кешігіп ашылуы тұңғыш қазақ театр өнерін қалыптастырған Жұмат Шанинге «Сталинге қастандық жасамақ болған» деген айыптың тағылуына әкелді. Осы 12 минут Алаш арысын ату жазасына кестірді.

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының кезекті маусымы драматург С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр» спектаклімен жабылды. Сахна шымылдығы 12 минутқа кеш ашылып, сонау 1936 жылғы Мәскеу онкүндігіндегі уайым мен шарасыз күйді сезіндірді.
– Қазақ халқының ұлттық өнерінің дамуына зор үлес қосқан актер, музыкант, жазушы-драматург, еліміздің тұңғыш режиссерінің бірі Жұмат Шанин туралы қанша жазып-айтсақ та артық етпейді. 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндік сапары Жұмат Шанин өмірінде өшпестей із қалдырды. «Атжалман ғасыр» сол заманғы Алаш зиялыларының басына төнген зұлмат кезеңді қамтиды. Қойылым көрермен көңілінен шығып, өз бағасын алып отыр. Театр ұжымы үшін бұл — үлкен жетістік, – дейді қоюшы режиссер Бекболат Құрманғожаев.
Сахна декорациясы — жарты қойылым. Яғни, көрерменді қоюшы суретшінің сахна безендірудегі ұтқыр шешімі-ақ оқиға өткен кезеңге жетелейтіні анық. Алыстан менмұндалаған қызыл жұлдыз сол дәуірдегі билікті, түтін будақтаған мүштек Сталиннің қаһарын, сахнадағы алып Қазақстанның картасы бодандағы қазақ жерінің ауқымын сөзсіз суреттеп тұрды. Сақырлаған түрме есіктері, арыстардың асыл жарларын алып кеткен суық пойыздың үні жан-дүниеңді астаң-кестең етеді.
– Қазақ өнерінің майталманы бұйығып жатқан қазақ даласын оятқаны үшін, қазақ өнері деп шырылдағаны үшін… небәрі 46 жасында атылды. Былтыр Жұмат Шаниннің туғанына 130 жыл толды. Осыған орай, сахнада ескерткіш қою — парызым деп есептедім. Оның өнерді өркендету жолындағы елеулі еңбегін бір-екі сағаттың көлемінде көрсету мүмкін емес. Десе де, сталинизмнің қанды құрығына ілінген Шанин өмірінің соңғы жылдарын көрерменге жеткізуге тырыстық. Қойылымда бүкіл қазақтың сол замандағы ауыр трагедиясын көрсете алдым деп ойлаймын,– дейді қойылым авторы, драматург Сая Қасымбек.
Жалпы, театр үшін 89 маусым өте жемісті қорытындыланып отыр. Түрлі фестивальдерге қатысып, бірнеше номинацияларды қанжығаларына байлаған. Маусым барысында театр репертуары жаңа 5 қойылыммен толыққан. Енді қарашаңырақ өнер ордасы мерейлі тоқсаныншы маусымға тың күшпен қадам баспақ.