ПОЛИЦЕЙЛЕР «ҚОРҒАУ» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ ЖАЛҒАН НӨМІР ТАҒЫП ЖҮРГЕН КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІН АНЫҚТАДЫ

255

Полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті — қоғам тыныштығын сақтау. Оның ішінде түрлі жол қозғалысы кезіндегі оқыс оқиғалардың алдын алып, қылмыспен күресу ж олында табанды қызмет ету болып табылады.

Осы тұрғыда Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері тәулік бойы рейдтік шараларды ұйымдастырып, тыныштық сақтауда белсенді қызмет атқаруда.

Мәселен, Жедел басқару орталығына «Қорғау» бағдарламасы арқылы «Мерседес» маркалы автокөліктің жалған нөмір тағып жүргені бойынша дабыл берілді. Осы бойынша Жедел басқару орталығындағы қызметкерлер жақын маңдағы полицейдің планшетіне хабар түсірді. Ал тәртіп сақшылары аталмыш көліктің жүрген жерін нақтылап, дер кезінде тоқтатты.

Анықталғандай, жүргізуші өзінің мемлекеттік тіркеу нөмірінің орнына басқа көлікке тиесілі ресейлік нөмір тағып жүрген. Осыған байланысты жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік шара көрілді.

Өз кезегінде жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеті үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай заңсыздыққа жол бермейтінін жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Ереже бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айырылуға, әкімшілік қамауға алуға немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға жеткізетінін ұмытпаңыз.