Балапан Базар: ҚОЖАКЕЕВТІҢ «СОРПАСЫ»

1436

Күлген сайын еске ұстазым Темірбек Қожакеев түседі. Бүгін де өткен-кеткенді айтып, тағы бір күліп алдық.
Ұстаз демекші, 2014 жылы 29 мамыр күні елордадағы Медиа-орталықта «Хабар» телеарнасының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, профессор Темірбек Қажакеев көкемізге арналған «Көзкөрген» деген хабар түсірілді. Сол кездесуге Темкеңнің ұлы Медет те келіп, жақсы бір естелік айтып еді.
«Бір күні папам аяқ астынан «машинаны оталдыр, жатақханаға барамыз» деді.
Сағатқа қарасам, түнгі 11-дің шамасы. Көлікті дайындап, КазГУградты бетке алдық.
Мен жатақханаға жақындағанда ылғи алдымдағы адамдарға сигнал бергендей машинаны бипілдетемін. Бұл студенттерге «папам, яғни Қожакеев келе жатыр» деген алдын ала берген өзімнің белгім. Мұны студенттер жақсы біледі. Осы аралықта жиналатындары жиналып, қашатындары қашып үлгереді.
Содан жатақханаға кірсек, бір студент қызара бөртіп, бірінші қабаттан жоғары қабатқа қарай көтеріліп бара жатыр екен.
«Әй, Пәленшеев, қайдан келе жатырсың?» деді папам.
«Төменгі қабаттан, қыздардан ет жеп келе жатырмын» деді ол.
Бірдеңе жұтып алғаны көрініп тұр. Сонда папам: «Ертең сағат 11-де кел маған, сорпасын ішесің!» деді.
Ал, күлейік…