ҮЛГІЛІДЕГІ ҮЛГІ ТҰТАР БІЛІМ ОШАҒЫ
Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек.
Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.
Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек»,-деген болатын.
Сауран ауданындағы Үлгілі деп аталатын ауыл шағын ғана. Сол ауылдың ортасында орналасқан — Мәулен Балақаев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп бар. Мектеп – ауыл үшін білім ордасы ғана емес, мәдениет ошағы!
Үлкенді-кішілі барлық мерекелер мен қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалар ат басын тірейтін жалғыз мекеме осы — үй. Осыған орай, Мәулен Балақаев атындағы мектептің директоры Баян Балтабайқызы Қияқовамен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
— Баян Балтабайқызы, кешегі тәжтажал індеті кезінде көптеген мектептердің технологиялық жабдықталуының заман талабына сай еместігі байқалды. Шағын ауылдағы мектептің жайы қалай? Алдымен мектеп тарихына тоқтала кетсеңіз?
— Жалпы мектептің тарихына шолу жасасақ, 1955 жылдары бастауыш «Үлгілі» мектебінен бастау алып,тұңғыш мектеп директоры болып Нәрзіллә Тәшімбетов 1955-1962 жылдары басқарса, 1970 жылы Үлгілі атындағы орталау мектеп болып құрылған жылдары Әнеш Құттыбаев басшылық қызмет етті. Білікті басшы- Әнеш Құттыбаев басқарған кезеңде 1976 жылы мектеп атауы «Қазақстан комсомолының 50 жылдығы» болып жұмысын жалғастырды. 1995- 2002 жылдары Жұмакүл Махамбетова мектеп тізгінін қолға алды.
— Мектепке қазақтың маңдайалды академигі Мәулен Балақаевтың есімі қашан берілді және осы мектепті бітірген қандай шәкірттеріңізбен мақтана аласыздар?
— Осы кезеңдер аралығында, яғни 2002 жылы мектеп атауына-тіл жанашыры, әрі ғалым, әрі ұстаз, академик Мәулен Балақаевтың есімі берілді. 2005-2017 жылдары мектепті Изетулла Адаев басқарған тұста 2009 жылы жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2017 жылдан бері мен Қияқова Баян Балтабайқызы басқарып келемін.
Мектеп тарихына үңілсек, қаншама ұлағатты ұстаздар еңбегінің арқасында, өзі кішкентай ауыл болғанымен, осы мектептен түлеп ұшқан, ел мақтаны болған айтулы азаматтар аз емес. Атап айтар болсақ;
Жәрменов Әбдірәсіл осында «Үлгілі» мектебінде оқыған. Ғалым, технология ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
Қасымхан Бегманов – ақын, Қазақстан Жастар Одағы және халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.
Сердәлі Бекжігіт – журналист, ғалым, сазгер. Филология ғылым-дарының кандидаты, доцент, про-фессор. Танымал әндердің авторы.
Көшенов Қамбарбек–суретші-дизайнер, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Исаева Жазира – «Қазақ филологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доцент, «Білім беру ісінің үздігі» және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2018» төсбелгісі, грант иегері. Бұлар біздің мақтаныштарымыз.
— Шағын ауылдағы мектептеріңіз жаңа ғимаратқа көшкен екен. Қазіргі жай-күйлеріңіз қалай?
— Қазіргі таңда бұрынғы ескі мектептің орнына екі қабатты еңселі ғимарат бой көтерген. Жан-жағы бау-бақша, жасыл желекке бөленген. Әркім өз үйінің әдемі, таза болғанын қалағаны секілді, жұмыс орнының да тап-таза, жайлы болғанын қалайды. Мектептің тазалығы – ұстаздың да, оқушының да көңілін көтереді, ынтасын арттырады. Жұмыс орнына асыға келу үшін де жұмысың, ондағы атмосфера, әріптестерің ұнауы тиіс. Қай мекеменің болсын атмосферасын жасайтын – басшы адам. «Азамат жетім болмайды — халықтан болса панасы, халық жетім болмайды — басшы болса данасы»-деген қазақ нақылы мектеп басшысынан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біздің мектепте ғибратты ғұмырын мектепке, ұжымға арнаған, адами келбетімен жақсы менен жайсаңды бағалай алатын, барлық тақырыпта еркін көсіліп, ұжымға көрегенді пікірін айтатын, әрбір ұстазға үлгілік жол көрсете алатын жандар бізде жеткілікті.
Ауыз толтырып айтуымызға себеп, жаңа оқу жылы басталғалы тынымсыз еңбектің арқасында ақсақалды қария мен ақ жаулықты аналардың ақ батасын алып, ауыл ықыласына бөлене жүріп, түрлі ауқымды істердің басы-қасында жүреміз. Үлгілі ауылының тумасы, мектеп түлегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, ақын Қасымхан Бегманов пен атақты сазгер, қаламы қарымды журналист- Бегжігіт Сердәлі туып өскен ауылына ат басын тіреп, аялаған, ардақтаған, алтын ұя мектебіне танымал тұлғаларымен бірге арнайы қонақ болып жиі келеді. Бүкіл ұжым мен оқушыларымыз кеш қонағын тік тұра қарсы алған әдептілігінен-ақ мектептің ынтымақ бірлігінің мықты екендігін білуге болады.
— Осы орайда білікті ұстаздардан кімдердің атын атап, түсін түстей аласыз?
— Соңғы жылдары мектеп қоржыны алтындармен толығып. үздік аттестатпен аяқтаған оқушылар саны артуда. Мектеп пән мұғалімдерімен жеткілікті қамтылған. Олардың 99% жоғары білімді. Әріптестері арасында шәкірт жүрегіне білім нәрін құя білетін ұлағатты ұстаздар да жетерлік. Атап айтар болсақ, оқушылардың ақыл-ой қабілетін жетілдіру, шәкірттердің шығармашылық дарындылығын дамыту, жоғары адамгершілік пен рухани құндылықтарын ояту мақсатында аянбай еңбек етіп, үнемі ізденіс үстінде жүретін, түрлі байқауларға шәкірт дайындап жеңісін, жемісін көріп жүрген бастауыш сынып мұғалімі Момбекова Айгүл, математика пәнінің мұғалімі Кенжебек Қазыбек, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Боранова Индира және тағы басқа білікті ұстаздарымыз баршылық.
Қазіргі қоғамда «білімді адам», «сауатты адам» сондай тұлғаның қалыптасуына, яғни жеке тұлға болу үдерісінде жаңашылдыққа жаны құмар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жансая Бұқарбаева білім көзі бастауыштан басталады деген қағидамен бастауыш сынып арасындағы үлгерімі төмен оқушылармен «KADAM» жобасын жүргізіп келеді. Бұл жобаның мақсаты: оқушылармен түрлі жұмыстар жүргізу арқылы оқу үлгерімін арттыру, баланың бойындағы сенімсіздік қасиеттерін жою, балалардың артта қалуы мен нашар оқуын болдырмау. Нәтижесінде тоқсан соңында оқушылардың ілгерілеушілігі байқалды. Ұстаздарды «тамшымен тас тесетін бейнебір су секілді» — деп Әл-Фараби айтқандай «KADAM» жобасы аясында аса белсенділік танытқан бірлестік жетекшісі Байменов Айбалта — бойындағы бар жақсы қасиетін, білімін шәкірт жүрегіне жеткізген маман.
— Баян Балтабайқызы оқушылардың жеткен жетістіктері туралы айта кетсеңіз?
— М.Балақаев мектебі шағын мектеп болса да, көштен қалыс қалмауға барынша тырысып, көптеген байқаулардан жүлдемен оралып жатады. 2023-2024 оқу жылында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсында Маханбет Айкөркем, Тұрарбек Анар 1-орын алып облысқа жол-дама алса, Нұрай Бауыржанқызы, Омар Әсемай, Есіркеп Мадиналар 2-3 орындарды еншіледі. 5-6 сынып оқушылары арасында «Алтын Сақа» математикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде Тұрарбек Анар 1-орынды иеленіп, облысқа жолдама алса, Омар Әсемай, Нақыпбек Еркеназдар жүлдемен оралды.
Бас қалаға барып математи-калық-жаратылыстану бағытында өткен ғылыми жобаға қатысқан оқушыларымыз: А.Маханбет, А.Тұрарбек, М.Есіркеп –үшеуі де Гран-при иегері атанып қайтқан болатын. Көркем әдебиетті, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көркем сөз оқу байқауында Астана қаласында өткен халықаралық «Абай оқуларынан» жүлделі 1-орынмен 10-сынып оқушысы Божбанбай Ақжүніс, «Тіл деген түбі терең алып мұхит» атты аудандық көркемсөз байқауында Бас жүлдені иеленген.Махамбет Айкөркем, «Махамбет оқулары» байқауының аудандық кезеңінен 1-орынды иеленіп, облысқа жолдама алған Керімбек Мейіржан, «Жас дәурен» Халықаралық байқауының жеңімпазы Алдаш Бексұлтан сияқты шәкірттеріміз мектептің мақтанышы десек те болады.
— Салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Сапалы білім нәрі мен берекені мақсат тұтқан Қияқова Баян Балтабайқызы басқаратын Мәулен Балақаев мектебінің жалпы ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!
Ләззат САРЫБАЕВА.